Атырауда жедел жәрдем дәрігерлері егде жастағы науқасты клиникалық өлімнен алып шықты

Жедел жәрдем қызметкерлері клиникалық өлім жағдайында болған әйелдің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы емдеу жұмыстары жөніндегі директордың орынбасары Наргиза Әбдрахманованың айтуынша, 72 жастағы әйел асқазан тұсында күйіп, ауырсынғанына шағымданып, жедел жәрдем шақырған. Шақыртуға Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының №20 бригадасы барған. Анамнез жинау және ЭКГ түсіру кезінде науқастың жағдайы күрт нашарлап, клиникалық өлімге ұшыраған. Мұндай жағдайларда өмір үшін есеп минуттармен жүреді, өйткені клиникалық өлім 5-6 минутқа созылады. Алғашқы 3-4 минутта көмек көрсетілсе, 90 пайыз жағдайда адамның ағзасын қалпына келтіруге болады. 10 минуттан кейін көрсетілген көмек өмірді сақтап қалуы мүмкін, бірақ бұл уақытта ми жасушалары өлетіндіктен, адам мүгедек болып қалуы ықтимал. Сондықтан осындай сын сағатта барлығы қасындағы адамдардың жылдам әрекетіне байланысты болады.

Жедел жәрдем фельдшерлерінің шұғыл әрі дұрыс іс-әрекеттерінің, жүрек-өкпе реанимациясының нәтижесінде науқастың синустық ырғағы қалпына келтірілді. Әйелді облыстық кардиоорталыққа “жедел коронарлық синдром” диагнозымен жеткізді.

Аружан Ажимкулова