Атыраулық жол сақшылары қала тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
"Қаламызда жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны алаңдатарлық деңгейде. Мәселен, 1 шілде күні сағат 18:30 шамасында 1978 ж.т. «Kia Sorento» автокөлігінің жүргізушісі 2013 ж.т. жасөспірімді қағып кеткен. Бала ауыр жарақат алып, облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Осы тектес оқиға, 3 шілде күні 18:50 шамасында орын алды. 1996 ж.т. жүргізуші «Lada Granta» автокөлігімен 2020 ж.т. жасөспірімді қағып кеткен. Бала да жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Құрметті ата-аналар! Жол – қауіп көзі! Балаларды үй аулаларында қараусыз қалдырмаңыздар! Есте сақтаңыз! Бала тек ересектермен бірге жүруі керек. Құрметті жүргізушілер! Тұрғын үй аулаларында жылдамдықты төмендетіңіздер! Көлік артында бала жоқ екеніне көз жеткізіңіз! Қауіпсіздік белдігі мен жаяу жүргінші жолағына мән беріңіз. Балаларды қауіптен қорғайық!" делінген хабарламада.
Амандық АБДОЛ