Атырауда жасыл желектің орнына ғимарат салмақ болған әкім қызметінен алынды

Махамбет ауданында «жасыл белдеуді» құрылыс алаңына айналдыру әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы Атырау облысы Махамбет ауданының прокуратурасы мәлімдеді. Қадағалау органы әкімдік пен полиция бөліміне арналған жаңа ғимарат салу жоспарланған саябақ аумағын қорғап қалды.

Белгілі болғандай, Махамбет ауылдық округінің әкімдігі заң талаптары мен бас жоспарды елемей, құрылыс жүргізу үшін 2 гектар аумақтағы жасыл желекті отап тастамақ болған. Аталған аумақ бұрыннан саябақ ретінде белгіленген.

Прокурорлық қадағалау нәтижесінде ауыл әкімінің бұл шешімдерінің күші жойылды. Осылайша өңірдің экожүйесі сақталып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының негізгі қағидаттары бұзылған жоқ.

Заң бұзушылыққа жол бергені үшін аудан әкімінің орынбасары, жер қатынастары және құрылыс бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-тың Махамбет филиалының жетекшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал Махамбет ауылдық округінің әкімі атқаратын қызметінен босатылды.

Айта кетейік, соңғы жылдары өңірде жасыл аймақтарды сақтау мәселесіне ерекше назар аударылып келеді. Құзырлы органдар саябақтар мен қоғамдық демалыс орындарының мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеу бойынша бақылауды күшейткен.