Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова өткен жылдың қорытындысымен бөлісіп, журналистердің сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Жастарды тұрғын үймен қамту мақсатында «Атырау жастары» ипотекалық бағдарламасы жүзеге асырылды. Бұған жергілікті бюджеттен 1,0 млрд. теңге бөлінді. Бағдарлама аясында 800-ге жуық өтінім қабылданып, 103 жас тұрғын үймен қамтылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау бағытында 196 жасқа 930,0 млн.теңге 2,5 пайыз жеңілдікпен 5 млн. теңгеге дейін микрокредиттер берілді. Биыл да осы бағытта 142 жасқа 710 млн. теңге бөлу жоспарлануда.
Сол сияқты, былтыр алғаш рет жастардың әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсетуге бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасы жүзеге асырылды. Сөйтіп, ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес және медиа бағыттары бойынша 10 жасқа 500 мың теңге қайтарымсыз грант берілді. «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жобасы аясында әр сарбазға 70 мың теңгеден еңбекақы және имидждік өнімдер табысталды. Маусым-тамыз айларында 1756 сарбаз өңірдің жасылдануына өз үлестерін қосты. Биыл да мың жасты көгалдандыру мен құрылыс жұмыстарына тарту жоспарланған. Бұған 109 млн. теңге т бөлініп, әр сарбазға 85 мың теңгеден еңбекақы төлеу қарастырылуда. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік бағытында 2,5 жеңілдік пайызбен 5 млн.теңгеге дейін микрокредиттер беру жоспарлануда, - деді Г.Жалғасқызы.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: автор