Атырауда жастардың саны артты

Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова брифинг барысында айтты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өткен жылы «Жастар саясаты туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, елімізде жастардың шекті жасы 35 жасқа дейін ұлғайған. Сәйкесінше, оларды қолдау аясы да кеңейді. Осылайша, аймақта жастар қатары 134 мыңнан 206 мыңға артты. 2023 жылдың ІII тоқсаны бойынша 18-35 жас аралығындағы экономикалық белсенді жас – 146 862,  оның ішінде еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін NEET санатындағысы – 7523 ( 5,7%). Жұмыссыздық деңгейі 2,7%-ды құрап отыр. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда сәл көптеу көрсеткіш.

«Былтыр мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру негізінде 1 млрд. 134 млн. теңгеге  79 жоба жүзеге асырылды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдарымен 362 млн. теңгеге 15 әлеуметтік жоба және грант беру арқылы 77 млн. теңгеге 10 жоба іске асырылды. Ал, биыл басқармамен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде және гранттық қаржыландыру арқылы 455 млн. теңгеге 24 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда» дейді Г.Жалғасқызы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: автор