12 тамыз - Халықаралық жастар күніне орай Атырауда 20-ға жуық іс-шара өтті. Бұл жастардың қоғамдық және волонтерлік бастамаларға қатысу, мемлекет қолдауымен іске асып жатқан шаралардан хабардар болу, ғылым мен білімге қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында ұйымдастырылды,деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Онкүндіктің нүктесін Сұлтан Бейбарыс алаңында 10 мыңға жуық көрерменді жинаған «Atyrau Jastar Fest» фестивалімен қойды. Оған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов қатысып, әкімдік еңбекқор жастарға, олардың идеясы мен ұсынысына әрқашан қолдау көрсететінін атап өтті.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалынды жастар еліміздегі оң өзгерісті қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек екенін атап өтті. Жастар күні жыл сайын ерекше ұйымдастырылып, кең көлемде тойланып келеді. Жергілікті атқарушы орган мұндай шараларды әрқашан қолдайды. Нәтижесінде креативті әрі отансүйгіш жастардың қатары одан сайын арта береді деп сенемін",-деді Нұржан Ермұханов.
Фестиваль аясында қала тұрғындары мен қонақтарына Jeltoksan, Adil, Dosekesh сынды қазақ эстрадасының жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.
Анықтама үшін: Жастар күні қарсаңында «Kilen myqty» командалық ойыны,«Шабақтарды сақтайық» экологиялық акциясы, «Атырау Quest» зияткерлік жарысы, «Стоп граффити» заңсыз есірткі жарнамасын жою шарасы, «Жас отбасылар» отбасылық конкурсы, «Ұлттық Cover» жас музыканттар байқауы, «Атырау жастарының Алтын кітабы» және тағы да басқа жиындар ұйымдастырылды. Онкүндік 20 мың жасты қамтыды.