Атырауда жас спортшылар регбиден іріктеу турнирінде бақ сынасты

Атырау облысында регби-7 турнирі өтіп жатыр. Жарысқа 14 командадан 150-ден астам спортшы қатысуда. Салыстырмалы түрде қарағанда, облыста бұл спорт түрі жаңа бағыт саналады: федерация бір жыл бұрын ғана ашылған. Соған қарамастан, жастар арасында қызығушылық жоғары.

Атырау облысы регби федерациясының президенті Рустем Кабдешев атап өткендей, басты мақсат – турнирлер өткізу ғана емес, сонымен қатар спортты жүйелі дамытуға жағдай жасау.

 •Регбиге қызығушылық жоғары болғандықтан, облыста үлкен дайындық алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі жарысқа Исатай және Жылыой аудандарынан, сондай-ақ Атырау қаласынан үміткерлер қатысты, – деді Р. Кабдешев.

Сайысқа қатысушылардың қай-қайсысынан да жеңіске деген ынта-жігер анық байқалып тұрды. Ерекше көзге түскені – №9 мектептің оқушысы Аңсаған Тілек. Оның командасы 10:0 есебімен жеңіске жетті.

 • Ойын жоғары деңгейде өтті. Қарсыластар өте мықты болды, бірақ біз команданың ауызбірлігі мен дәл пастардың арқасында басым түстік. Жарысқа мейлінше жақсы дайындалдық, техникамызды жетілдірдік. Бұрын біз гандболмен және волейболмен айналысатынбыз, кейін тренеріміз регбиде күш сынап көруді ұсынды. Маған бұл ойын қатты ұнады, – деді А. Тілек.

Сайыста техникалық тұрғыда шеберлік танытып, ептілігімен дараланғандар жеңіс тұғырынан көрінді. Олар енді республикалық турнирде бақ сынап, Атыраудың намысын қорғайды.