Құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
3 мамыр күні сағат 17:25-те Төтенше жағдайлар департаментіне Жайық өзеніне ер адамның суға батып кеткені туралы қоңырау түсті. Шақырту түскен сәттен бастап, Атырау облысы ТЖД құтқарушылары оқиға орнына жедел жетті. 2007 жылы туған азамат К.А. өзеннің арғы бетіне өту кезінде моторлы қайықтан құлап кеткені анықталды. Аталған орында құтқарушылар іздестіру жұмыстарына шұғыл кірісті.
Іздестіру жұмыстарына күшейтілген түрде күш пен құралдар жұмылдырылды. Атап айтқанда, күн сайын 12 құтқарушыдан кем емес, 4 бірлік жүзу құралы, 3 бірлік техника және ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) жұмылдырылуда. Сонымен қатар, ПД қызметкерлері және кемесі тартылды. Іздестіру жұмыстары су астына сүңгу, акваторияға көзбен шолу және өзен түбін тралдау арқылы жүргізілуде (бүгінгі күнге дейін шамамен 2 шақырым аумақта жұмыстар жүргізілді).
Ағыстың қатты болуы, су астында көріну деңгейінің өте төмен болуы және су астындағы бөгде заттардың кездесуі іздестіру жұмыстары кезінде қиындық туғызатынын атап өткен жөн. Іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ