Атырауда жас инноваторлар экологиялық жобаларын таныстырды

Атырауда облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен жас инноваторлардың көрмесі өтті. Іс-шара өскелең ұрпақтың ғылыми-шығармашылық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ олардың инновациялық бастамаларын қолдауға бағытталды.

Көрме аясында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы негізінде жүзеге асырылған жобалар ұсынылды. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы өз идеяларын таныстырды. Әсіресе, жылыжай кешендерін құру, экологиялық таза өнім өндіру, қалдықтарды қайта өңдеу және энергияны үнемдеу жобалары келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Жас өнертапқыштардың жұмыстары олардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін, заманауи технологияларды қолдануға ұмтылысын және болашаққа жаңашыл көзқарасын айқын көрсетті. Көрме барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, жаңа идеялармен бөлісті.

Бұл шара балалардың «жасыл» инновацияларға деген қызығушылығының жоғары екенін дәлелдеп қана қоймай, олардың болашақта экологиялық бастамаларды дамытуға дайын екендігін де көрсетті.