Атырауда жарық өшкен аумақтарда 40 бригада тәулік бойы жұмыс істеп жатыр

Атырау облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты электр энергиясын қалпына келтіру жұмыстарына 40 арнайы бригада жұмылдырылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұған дейін 14 желтоқсанда өңірде ауа райы күрт бұзылып, салдарынан кейбір учаскелерде электр энергиясын беру уақытша тоқтаған болатын. Қазіргі таңда апаттық жағдайлардың 85 пайызы толықтай қалпына келтірілді. Бұл туралы «Атырау Жарық» ЖШС басшысы Мейірбек Губашев мәлімдеді. Оның айтуынша, магистральдық желілер мен жеке тұрғын үйлерге тартылған электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары қатар жүргізілуде, ал электрмен жабдықтауды кешке дейін толық реттеу жоспарланып отыр.

— Облыс көлемінде апатты жағдайларды жою үшін 40 арнайы бригада күшейтілген режимде еңбек етуде. Қауіпсіздік талаптары қатаң сақталып, барлық өтінімдер жедел қаралуда, — деді Мейірбек Губашев.

Айта кетейік, қазіргі уақытта «Атырау Жарық» мекемесі күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып отыр. Электр энергиясына қатысты тұрғындардан келіп түскен өтінімдер мен хабарламалар 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданады.