Атырауда жарық беру шектелуі мүмкін

«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев МАЭК және Атырау мұнай өңдеу зауытындағы апаттарға байланысты өңірлерде жарық беруге байланысты шектеулер болуы мүмкін екенін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Сағат 9.00-дегі жағдай бойынша Атырау энергия торабында шектеу жоқ. Маңғыстау энергия торабында өндіріс нысандарында 65 мегаватт көлемде шектеу сақталып отыр. Бұл шектеулер Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы қуаты 140 мегаватт болатын №1 блоктың өшірілуінен туындаған электр тапшылығымен байланысты. Karabatan Utility Solutions кәсіпорнындағы қуаты 220 мегаватт стансада генерация толықтай өшірілген. Ертең сағат 12.00-ге дейін іске қосылатыны туралы мәлімет айтылып отыр. Бүгін күні бойы электр тұтыну көлемі артқан жағдайда Орал - Атырау - Маңғыстау бағытында қуат транзитінің артық жүктелімін болдырмау үшін қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін», - деді ол.

Сондай-ақ ол батыс аймақтың электр станцияларының жүйелік реттегіштерін тексеруді ұсынды.

«KEGOC компаниясы Батыс энергетикалық аймақты электрмен жабдықтаудың орнықтылығын арттыру үшін қолданыстағы қосалқы стансаларды 220 киловольтқа кеңейте отырып, ұзындығы 770 шақырым болатын 220 киловольттік екінші транзит құрылысын және 220 киловольттік қосалқы тарату стансасын салып бітіреді. Нәтижесінде транзиттің өткізу қабілеті Орал - Атырау учаскесінде 100 мегаваттан 200 мегаватқа дейін, Атырау - Маңғыстау учаскесінде 50 мегаваттан 200 мегаватқа дейін ұлғаяды», - деді Қаныш Молдабаев.

Еске салайық, кеше Маңғыстау атом электр комбинатының (МАЭК) №1 блогындағы апат салдарынан "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысы тоқтап қалды. Қаланың біраз бөлігі жарықсыз қалды.

Энергетика министрлігі "Атырау мұнай өңдеу зауыты"  жарық сөнуге байланысты жұмысын тоқтатқанын, бұл қадам апатты алдын алу үшін жасалғанын мәлімдеді.

Ал үкімет басшысы Смайылов апат салдарынан елде жанармай тапшылығы туындамайтынына сендірді.