Атырауда жаппай балық қырылу дерегі тіркеліп жатқан жоқ

Астанада өтіп жатқан брифингте облыс әкімі Серік Шәпкенов браконьерлікпен күрестің қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«Жылына екі рет – балық уылдырық шашатын көктемде және күзде  «Бекіре» акциясы өтіп тұрады. Қазір бұл бағытта 46 қылмыстық із қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстры жүргізілуде. Ал, заңсыз қара балық аулағандарға қатысты әкімшілік істер қозғалып, айыппұл салынуда. Балық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жыл сайын 300-400 млн теңге қаражат бөлініп келеді» деді ол.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Каспий теңізінің тамағы бітелуі балық қорының азаюына да әсер етуде. Бірақ, 2018 жылдағыдай жаппай балық қырылу деректері қазір тіркеліп жатқан жоқ. Десе де, каналдардың бөлініп қалуынан және оттегінің жетпеуінен немесе болатын кішігірім балық өлу фактілері кездесіп отырады. Бұл бағытта арнайы мамандардың, белсенді азаматтар мен еріктілердің күшімен шабақтарды құтқарып теңіз бен Жайыққа жіберу, балықтардың кіріп-шығатын жолдарын аршу мен қамыстарды шабу жұмыстары жолға қойылған.

Айта кетейік, бүгін Елордада Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтіп жатыр. Әкім тікелей эфирде Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып, журналистердің сауалдарына жауап беруде.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ