Биыл өңірде электрлі көліктердің қатысуымен 105 жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, қазіргі уақытта скутер, мопед, электросамокат сияқты электрлі көліктердің қатысуымен құқықбұзушылық фактілері жиіледі. Биыл алты айда 105 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл туралы Атырау қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Дәурен Насиполла баспасөз брифингінде мәлім етті.
- Халық көп шоғырланатын орында самокат айдаған жасөспірімдер жол тәртібін жиі бұзады. Кәмелет жасына жетпей скутер, мопед тізгіндеп,тәжірибенің аздығынан қайғылы жағдайға душар болған оқиғалар тіркеліп отыр. Оның алдын алу үшін 5 наурыз бен 31 тамыз аралығында «Мотоцикл» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүріп жатыр, - деді Д.Насиполла.
Электрлі көліктердің қатысуымен 930 құқықбұзушылық анықталды. Оларға әкімшілік хаттама толтырылып, 120-дан астам скутер, мопед арнайы тұраққа қойылды.
- Бұған қарамастан, биыл 105 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Одан 53 адам дене жарақатын алып, 5 адам қайтыс болды. Былтыр 29 маусымда Жол қозғалысы туралы заңнамаға өзгерістер енді. Соған сәйкес скутер, мопед, самокат жүргізушілері жолда жүру ережесін бұзғаны анықталған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 127, 440, 620, 593 баптарына сай Әкімшілік хаттама толтырылады, - деді Атырау қаласының полиция басқармасы Патрульдік полиция батальонының аға инспекторы полиция капитаны Азамат Нәжмеденов.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ