Атыраудағы жанармай бекетінде не болған?

Атырауда полицей жанармай бекетінде өртенген көлікті сөндіріп қауіптің алдын алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінен білгеніміздей, 7 қаңтар күні сағат 10:20 шамасында Атырау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы полиция кіші сержанты Данияр Жәрдемғали түнгі ауысымнан кейін үйіне қайтып бара жатқан кезде қала аумағындағы жанар-жағармай бекетінде Nissan автокөлігінің отқа оранып жатқанын байқаған.

Дереу әрекет еткен полицей өртеніп жатқан көлікке жақындап, оттың жанармай бекетіне таралуын болдырмау үшін оны қауіпсіз жерге қарай итеріп апарған. Одан кейін өрт сөндіру құралын пайдаланып, жалынды ауыздықтаған.

Полиция қызметкерінің жедел әрекетінің нәтижесінде өрт сөндірушілер келгенге дейін өрт тез сөндірілді. Оқиға орнында зардап шеккендер жоқ. Кейін әлеуметтік желіде автокөлік иесінің қауіптің алдын алып өртті сөндірген полицейге айтқан алғысы тарады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ