Атырау қаласының қоғамдық орындарында көгершіндерді тамақтандырмауға шақыратын ақпараттық тақтайшалар пайда болды. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, бұл шара санитарлық тәртіпті сақтау және құстардың қала аумағында шамадан тыс көбеюінің алдын алу мақсатында қолға алынған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Көгершіндердің шамадан тыс көбеюі аумақтың ластануына, сәулет нысандарының бүлінуіне және жұқпалы аурулардың таралуына алып келуі мүмкін екені атап өтілді. Тұрғындардан бұл өтінішке түсіністікпен қарап, қоғамдық орындарда құстарды азықтандырмау сұралады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл орындар арнайы навигаторлар мен әлеуметтік желілердегі мониторинг арқылы бақыланады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, аумақты ластау, оның ішінде тағам қалдықтарын тастау — айыппұл салуға негіз болады. Белгіленбеген орындарда құстарды тамақтандыру санитарлық нормаларды бұзу ретінде қарастырылады. Жеке тұлғалар үшін ескерту немесе 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни, 69 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда айыппұл 30 АЕК - 103 500 теңгеге дейін ұлғайтылады.
Айт кетейік, биыл бір АЕК мөлшері 3 450 теңгені құрайды.
Жалпы, құстарды азықтандыруға өзге елдерде де тыйым салынған. Мысалы, Венецияда Сан-Марко алаңында көгершіндерді азықтандыруға 2008 жылдан бері тыйым салынған — бұл талапты бұзғандарға 700 еуроға дейін айыппұл салынады. Париж, Лондон, Мюнхен және Еуропаның басқа да қалаларында қатаң шектеулер енгізілген. Ал, Гонконгта мұндай әрекет үшін 12 800 долларға дейін айыппұл салынып, тіпті бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Амандық АБДОЛ
Фото: Atpress.kz