Атырауда жаңбыр суынан тазарту жұмыстары тәулік бойы жалғасуда

Соңғы екі тәулікте облыс орталығында бір айлық нормадан астам жауын-шашын мөлшері түскені  тіркеліп отыр. Қазір қала аумағын судан тазарту жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен білгеніміздей, 26-27 наурыз күндері Атырау аумағына 18 мм жауын-шашын мөлшері түскен.

«Су сору жұмыстарына 65 техника жұмылдырылды. Кешкі сағат 18.00-ге 7930 текше метр су сорылды. Жұмыс әлі де жалғасып жатыр» делінген әкімдік хабарламасында.

Негізінен судан тазарту жұмыстары Сарықамыс, Өркен, Жұмыскер, Балауса, Жұлдыз, Мирас елдімекендерінде және қала көшелері мен әлеуметтік нысандардың айналасында жүргізілуде. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға аула тазарту жұмыстары бойынша көмек көрсетілуде. Бұл бағытта өтінімдер қалалық әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшалары мен «109» бірыңғай нөмірі арқылы қабылдануда.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ