Атырауда жаңа зауыт салынып жатыр (+ВИДЕО)

Атыраудағы жеке индустриялды парк аумағында «Талшыктекс» зауытының қабырғасы қаланды. Болашақта мұнда жылына 10 млн. шаршы метрге жуық тоқымалы полипропиленді геополотно шығарылады. Бұл туралы «Атырау» жеке индустриялды парк» аумағының басшысы Азамат Асылбеков айтты , - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Тоқымалы полипропиленді геополотно – жол құрылысы мен жаға бекіту жұмыстарына, сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласына қажетті, таптырмас өнім. Ал жобаның екінші кезеңінде жылына шамамен 50 мың дана вагондармен тауар-жүктерді тасымалдау кезінде қорғаныш қабаты ретінде пайдаланатын арнайы қап шығару жоспарланып отыр. Ол вагонның пішініне бейімделіп, тауарды ішкі жағынан қорғауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жүк тасымалы саласына тың серпін бермек.

- Біз дайын өнімді ел аумағына ғана сатып қоймай, экспортқа шығарамыз деген жоспар бар. Мысалы, жоба іске асқаннан кейін өңірдегі мұнай-газ компаниялары күкірту тасу кезінде пайдаланатын вагонға арналған қапты бізден алуға мүмкіндік туады. Ал тоқымалы полипропиленді геополотноны тас жол салу кезінде қолданатын болғандықтан, біздің елде де, басқа да мемлекетте де сұраныс жоғары. Әсіресе, Ресей, Түркия, Әзірбайжан мен Өзбекстанның нарығына кіруді көздеп отырмыз, - деді Азамат Асылбеков.

Дәл осы зауытқа іргелес Қазақстанда баламасы жоқ штапельді талшық өнімін шығаратын «Фибратекс» кешенінің құрылысы қатар жүруде. Компания жылына шамамен 6 000 тонна өнім өндіру жоспарланып отыр.

- Жуықта Атырауда тоқымалы емес геотекстиль шығаратын зауыт ашқтық . Оған қажетті шикізат - штапельді талшық. Өкінішке қарай, шикізаттың бұл түрі бізде өндірілмейді. Сондықтан біз оны өзіміз шығармақпыз. Келесі жылы мамыр айына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтап, құны 1 млрд 800 млн теңге болатын зауытты іске қосқымыз келеді , - дейді Азамат Асылбеков.

Сонымен қатар, аталған парк аумағында келер жылы «Геофлекс» және «Атырау картон зауыты» секілді экологиялық аса маңызы бар тағы екі жобаның жобалық-сметалық құжаттарын жасау жұмысы басталады.

Болашақта өнеркәсіп нысандары толық іске қосылған кейін 200-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады.