Атырау облысында 2025-2026 оқу жылында 1-сыныпқа 16 762 бала барады деп жоспарланып отыр. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 1 054 балаға артық,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Электронды өтініш беру жүйесі арқылы 12 мыңға жуық ата-ана өз баласын тіркеп үлгерді. Ал қағаз жүзінде 798 өтініш қабылданды. Құжаттарды қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.
- Қабылданатын оқушылардың көп бөлігі Атырау қаласына тиесілі. Денсаулық сақтау министрлігінің №76 бұйрығына сәйкес білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай әр сыныптағы оқушылар саны 25-тен аспауы тиіс. Биыл 1-сыныпқа қабылдау eGov порталы арқылы жүргізілді. Қазіргі уақытта 1-сынып мұғалімдері жеткілікті, педагог тапшылығы жоқ. Оқушылардың барлығы оқулықтармен толық қамтамасыз етіледі,- деді облыстық Білім беру басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиева.

1-сыныпқа қабылданатын балалардың басым бөлігі қазақ тілінде оқуды таңдады, ал 30% орыс тілінде білім алады. Сонымен қатар 4-22 тамыз аралығында дайындық мақсатында «Балақайлар мектебі» ұйымдастырылып жатыр. Бұл шарада балаларға бейімделу және даярлық сабақтары өткізіледі.
- "Балақайлар мектебіне" 50-ден астам оқушы қатысып жатыр. Олардың ішінде балабақшаға бармаған, үйде тәрбиеленген балалар да бар. Бұл мектеп, әсіресе, сол балалардың мектепке бейімделуіне көмектесуге бағытталған. Дайындық сабақтары аптасына 5 рет өткізіледі, әр күні 4 сабақтан өтеді,- деді Қ.Сатпаев атындағы №19 орта мектептің директоры Ақылбек Мырзағалиев.
«Балақайлар мектебінің» сабақтары таңғы сағат 9:00-ден 11:30-ға дейін өтеді. Бағдарлама кестесіне сауат ашу, математика және көркем әдебиет пәндері енгізілген.