Атырауда жаңа өндірістік-механикалық кешен ашылды

Атырау қаласында «Beruseal Caspian» ЖШС-ның жаңа өндірістік-механикалық кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жаңа ғимарат аймақтың экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, машина жасау саласының өркендеуіне маңызды серпін бермек. 

- Атырау облысы еліміздің мұнайлы астанасы ретінде машина жасау саласының дамуы жағынан стратегиялық маңызға ие. Өңірдің өнеркәсіптік өндірісінің республикалық көлемдегі үлесі 27 пайыздан асса, Атырау облысында Қазақстанның екі ірі мұнай-газ кен орны орналасқан. Бұл облыста өндірілетін мұнайдың үлесі елімізде өндірілетін барлық мұнайдың 56%-ын құрайтынын білдіреді. Өткен жылы өңірде 50 млн тонна мұнай және 26,6 млрд текше метр мұнай ілеспе газ өндірілді,- деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.

2024 жылы Атырау облысында машина жасау саласы 84,5 млрд теңгені құрап, облыс экономикасының жоғары деңгейде дамып жатқанын көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіш өңірдің өнеркәсіптік әлеуетінің артып, жергілікті өндірістің тұрақты түрде өсіп келе жатқанын айғақтайды.

Кәсіпорынның қуаты мен заманауи технологиялары елдегі өндіріс пен жұмыс орындарының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ Қазақстанның экономикалық даму жолында маңызды қадам саналады. Мемлекеттің өнеркәсіптік әлеуетін нығайту мақсатында отандық өндірушілерді қолдау әрі қарай да жалғаса бермек. 

— Зауыт мұнай және газ өнеркәсібіне қажетті құбырлар мен құрылғыларды жөндеуге арналған композиттік материалдарды өндіреді. Қазіргі уақытта механикалық құрылғылардың жылына 150-ге жуығын шығарса, композиттік материалдарды өндіру көлемі жылына 3000-5000 келіні құрайды. Өнімдер ішкі нарыққа бағытталған, сондықтан отандық өнім шығару жоспарланып отыр,- деді компания директоры Ерболат Исмагамбетов.

«Beruseal Caspian» ЖШС-ның ашылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша қуат беріп, Қазақстанның машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады.