Active youth жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға 200-ге жуық жас қатысты, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кездесуге түрлі салада еңбек ететін тәжірибелі және танымал тұлғалар шақырылған. Олардың арасында қоғам қайраткері, журналист, медиасарапшы - Дана Нұржігіт, «Өмірге шексіз ғашық» және «Соңына дейін әйел» кітаптарының авторы, психолог, саяхатшы - Динара Болат, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қаржылық сауаттылық бойынша сарапшы, экономист - Дәулет Мұқаев пен баспана алудың қыр-сырын меңгерген сарапшы - Ұлан Дәулетқали бар.
Спикерлер жеке даму, қаржылық сауаттылық, тиімді саяхаттау және баспана алу сынды тақырыптарға қатысты сауалдарға жауап беріп, тәжірибесін бөлісті. Мысалы, Ұлан Дәулетқали жастарды баспанамен қамту мәселелері бойынша маңызды ақпарат берді. Тұрғын үй нарығының қазіргі жағдайды, ипотекалық бағдарламалар мен тиімді шешімдер туралы кеңестерін айтты.
"Баспана алу – бұл ұзақ мерзімді жоспар мен тәртіпті талап ететін процесс. Ең бастысы, қаржылық сауаттылықты арттырып, өз мүмкіндіктеріңізді дұрыс бағалай білу керек. Баспана алу үлкен жауапкершілік пен қаржылық тәртіпті талап етеді. Алғашқы қадамдарыңызды бастамас бұрын, қаржылық мүмкіндігіңізді бағалаңыз, мақсат қойыңыз. Елімізде баспаналы болуды жеңілдетуге арналған бірнеше тиімді бағдарлама бар. Олар, «Атырау жастары» (5-10-19) және «Отау/Наурыз» (9-20-19) бағдарламасы. Мемлекеттік бағдарламалар мен банктік мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз арманыңыздағы үйге қол жеткізе аласыз", – деді Ұ.Дәулетқали.
Айта кетейік, іс-шараны Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Алматы студенттер Альянсы» КҚ ұйымдастырды.