Атырауда өзге облыс тұрғынынан аса ірі көлемде есірткі тәркіленді

Батыс Қазақстан облысының 19 жастағы тұрғыны Құлсары қаласында ұсталды, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу кезінде Жылыой ауданы Құлсары қаласы аумағында синтетикалық есірткіні аса ірі көлемде сақтаған деген күдікпен БҚО-ның тұрғынын ұстады. Тексеру жұмыстары кезінде 19 жастағы өзге облыс тұрғынының Құлсары қаласына 24 қыркүйекте келгені анықталды. 

«Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тексеру кезінде 1 дана зип-пакет, 2 дана электронды таразы тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат 24.18 грамм болатын «Альфа-pvp» синтетикалық есірткісі екені белгілі болды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. 
Аталған дерек бойынша ҚК-тің 296-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА