Бүгінгі таңда басшы да, қосшы да көп, бірақ жасалған жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей жатады. Егер мемлекетті адам ағзасына теңесек, ондағы қантамырларға қыстырылған бір құмалақтың бір қарын майды шірітіп жіберетін күші бар екенін көреміз. Міне, ендеше, сыбайлас жемқорлық та сондай құмалақтың бірі. Оның түп тамырын бүкіл ел болып балталамаса, басқалай жолы жоқ. Сонымен, ғұмыры ғасырларға жалғасқан «жегі құртты» жоюға бола ма? Осы сауал көптің көкейін тескені анық. Ендеше, біз бұл бағытта журналистік зерделеу жүргізгенді жөн көрдік, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі қоғамды тура жолдан тайдыратын бес кесел бар екенін айрықша атап өткен болатын. Бұлар – нашақорлық, лудомания, вандализм, буллинг және жемқорлық. Мен осылардың ішіндегі ең қауіптісі деп жемқорлықты айтар едім. Себебі, бұл қоғамдық дерт қандай мемлекеттің болмасын өсіп-өркендеуі мен жан-жақты дамуына еш мүмкіндік бермейді. Оның тамырына тек қоғам болып балта шаппасақ, бір ғана Президент пен Үкіметке қарап отыруға болмайды. Осы орайда, біз алдымен еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахинның ойын білген едік.
– Көрсеткіштерге көз жүгіртсек, биыл өңірде жергілікті атқарушы органдардың 80 пайызы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіп, жүзге жуық нақты шара қабылданған. Бұл ретте, бірнеше ұсыныс айтқым келеді. Біріншіден, тіркеліп жатқан жемқорлық деректерінің санына емес, алдын алу жұмыстарына назар аударған абзал. Егер ондай деректер өткен кезеңге қарағанда көбірек тіркелсе, «былықтың беті ашылды» деп жерден жеті қоян тапқандай қатты қуанудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Керісінше, олардың орын алу себептерін анықтап, болашақта болдырмаудың жолдарын іздеу керек секілді. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен күресу керек!
Екіншіден, соңғы уақытта кең таралып жатқан жасанды интеллект мүмкіндіктерін молынан пайдалану қажет деп санаймын. Бүгінде жемқорлық деректері ең көп тіркеліп жатқан сала – мемлекеттік сатып алу. Бір мысал, алақандай Атыраудың өзінде, нақтырақ айтқанда, Махамбет ауданында мемлекеттік сатып алу жоспарына екі киіз үйді 8 млн теңгеге сатып алу енгізілген болатын. Мұны еріктілер дер кезінде анықтаған еді. Сөйтсе, әлгі киіз үйлердің нарықтағы бағасы небәрі 2,5 млн теңгені құрайды екен! Әйтеуір, «тендер» жүрген жерде «туыс» жүреді. Екеуі бір-бірінен бір елі ажырамайды! Бұған тоқтау салу үшін тендер байқауының жеңімпазы адамның қатысуынсыз, яғни, жасанды интеллект жүйесімен анықталуы тиіс. Байқауға қатысып жатқан адам мен мемлекеттік қызметкер арасында қандайма бір туыстық немесе басқа да байланыстардың бар-жоғын жасанды интеллект анықтайтын болса, кез келген тендер өте әділ өтеді деген сенім бар.
Үшіншіден, цифрландыру үрдісін одан сайын үдете түсу керек. Оның пайдасын бүгінде көзі ашық, көкірегі ояу қоғам көзбен көріп, құлақпен естіп жүр. Мәселен, осыдан 10-15 жыл бұрын, айталық, мұрағат анықтамасын кейбір азаматтар кезек күтпей тезірек алу үшін тиісті маманға 500 теңге пара беріп жүрді. Яғни, әлгі маман күніне 10 адамнан осындай пара алса, заңсыз жолмен 5 мың теңге тапты деген сөз ғой. Ертеңіне сол үшін темір торға тоғытылып, өз тағдырын өзі бүлдіріп жүрді. Ал, бүгінгі цифрландыру дәуірінде бұл қызметтердің көбі автоматты түрде көрсетіледі. Яғни, кез келген адам үйден шықпай-ақ ғаламтор арқылы қажетті анықтамасын алады. Қазіргі ақпараттық жүйеде бұрынғыдай «таныс» деген түсінік жоқ, – дейді ол.

Сан емес, сапа керек!
Спикердің сөзіне біз «төртіншіден» деп халықтың құқықтық санасын арттыруды заңмен бекіту қажеттігін қосар едік. Мысалы, Сингапур секілді мемлекеттерде жемқорлық деген атымен жоқ. Неліктен деп ойлайсыз? Себебі, онда азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру заң жүзінде қолға алынған. Яғни, ол жақта ең алдымен халықтың санасымен жұмыс жасайды. Өйткені, жемқорлық деректерін құр тіркеп отырғаннан ештеңе шықпайды. Оның алдын алу үшін үгіт-насихат жұмыстарын көбейту керек болады. Жемқорлардың қалай жазаланатынын әр азамат біліп жүруге тиіс. Тіпті, керек болса, олардың фотосуреттерін қаланың қақ ортасындағы үлкен баннер мен билбордтарға бақырайтып ілу керек!
– Жалпы, жемқорлық тәуекелдерін қағаз емес, іс жүзінде азайту керек. Айталық, белгілі бір заң жобасын жасақтаған кезде оның мәтініндегі әрбір сөзге мұқият мән берген жөн. Мысал келтірсем, бір кездері заңда жер жобалау актісін бекіту жеті күн ішінде жүзеге асатыны жазылған болатын. Егер мұқият зер салатын болсақ, осындағы «жеті күн ішінде» деген бір ауыз сөздің өзі жемқорлық тәуекелін тудырып тұр. Былайша айтқанда, тиісті орган қызметкері аталған құжатты бір-ақ күнде дайындап бере алатынын айтып пара алуы әбден мүмкін ғой.
Алтыншыдан, жемқорлыққа жол беретіндердің көбісі мемлекеттік қызметкерлер болғандықтан, олардың жалақысын жыл емес, ай сайын көтеріп отырса да артық етпейді деп ойлаймын. Сонда олардың ойында «отбасымды қалай асыраймын?» деген сұрақ туындамай, бар күш-жігерін халыққа адал қызмет көрсетуге жұмсайтын болады.
Соңғы ұсыныс, жемқорлық дерегі орын алғаны жөнінде хабарлаған азаматтарға берілетін сыйақы мөлшерін де көбейткен дұрыс деп ойлаймын. Қазір қателеспесем, егер ұрланбақшы болған ақшаның немесе берілмекші болған параның көлемі 1000 айлық есептік көрсеткіштен асса, хабарлаған адамға соның 10 пайызы беріледі. Бірақ, әлгі сома 4000 АЕК-тен, яғни, 14,5 миллион теңгеден аспауға тиіс. Естеріңізде болса, былтыр осындай бір іс бойынша атыраулық кәсіпкерге 12,5 миллион теңге сыйақы берілді. Міне, бұл – жаңа дифференциалды жүйенің жемісі. Ал, оған дейін сыйақы мөлшері қылмыстың санатына байланысты беріліп келген еді, - дейді Н.Серікұлы.
Бір қарасақ, бұл айтылғандардың бәрі де – жемқорлықты жеңудің жеңіл жолдары. Бұдан бөлек, мектеп, университет, колледждерге апта сайын антикор мамандары аяқтай барып аралап, сыбайлас жемқорлық дегеніміз не, онымен қалай күресуге болады, алдын алу жолдары қандай, пара алған немесе берген және мемлекет қаржысын қалтасына басқан азаматтарды қандай жаза күтіп тұр – осының бәрін түсінікті тілде егжей-тегжейлі баяндап отырса, нұр үстіне нұр!

Сыйлық қылмысқа жата ма?
Әдетте теңге тиыннан құралады. Ендеше, сыбайлас жемқорлық та сәл ғана сыйлық алудан басталып, соңы қомақты қаражатқа ұласуы әбден мүмкін. Осы орайда, заң нормалары да біраз қатаңдатылған болатын. Мәселен, қазір азаматтар өз мәселесін шешіп берген мемлекеттік қызметкерге немесе басқа да тұлғаларға алғыс есебінде шағын сыйлықты да бере алмайды. Егер сыйлықтың бағасы екі айлық есептік көрсеткіштен төмен болса – әкімшілік, ал, одан жоғары болса – қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Бірақ, қоғамда бұған қатысты екіжақты пікір бар. Бірі алғыс айту жемқорлыққа жатпайды десе, екіншісі заттай сыйлықты жай ғана «Алғыс хатпен» де алмастыруға болатынын айтады.
Біз тілдескен Мақат ауданы Доссор кентіндегі Бержан Қанатбаев атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Амангүл Тоқсанова жемқорлықпен күресте асыра сілтеушілікке жол берілмеуі керек деп санайды.
«Әлеуметтік желіде оқушылар ұстаздарға шағын тәтті сыйлықтар беріп жатқан бейнероликтерді көруге болады. Мұны жемқорлық дерегі деп айтуға ауыз бармайды ғой. Бұл ұстаз деген ұлы мамандық иесіне деген құрметтің белгісі деп ойлаймын. Ертеректе мектеп мұғалімдерінің абыройы асқақ, беделі биік болушы еді ғой. Кейін заман ағымына қарай қадір қасиеті мен жалақысы азайған мезгілдер болды. Ал, қазір олар өзінің о бастағы биік тұғырына қайта қонды. Себебі, материалдық жағдайы жақсарды, кәсіби сапасы артты. Сондықтан бір ғана тәттіге бола олар жемқор болып кетпейтіні айдан анық» дейді ол бізбен әңгімесінде.

Ал, бұл тұрғыда заң өкілдері не дейді екен? Атыраулық адвокат Шынар Нұрмұратқызының пікірінше, заң бәріне ортақ. Әйтсе де, мұғалімге немесе қарапайым еңбек адамына ілтипат көрсету бұл заңмен емес, адамгершілікпен өлшенетін дүние.
«Жалпы, алдымен «сыбайлас жемқорлық» деген ұғымның заңды анықтамасын ашып алайық. Бұл заңда «белгілі бір лауазымды қызмет иесінің өз өкілеттіктерін теріс немесе асыра пайдалана отырып, жекелей өзі, делдал не үшінші тұлға арқылы пара алуы» деп көрсетілген. Жемқорлықпен күресте заңдылық, ашықтық пен жаряилылық қағидаттары сақталуы тиіс. Басты міндет – адам құқықтары мен міндеттерін және бостандығын қорғау. Мұның бәрі еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңмен, қылмыстық және әкімшілік кодекстермен реттеледі. Жыл сайын мұндай қылмыстар үшін берілетін, әсіресе, мемлекеттік қызметкерлерге қолданылатын жаза да қатаңдатылуда. Қылмыскерлердің мүлкі тәркіленіп, олардың мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынады. Айналып келгенде, бұл – тек құзырлы органдар ғана емес, бүкіл қоғам болып күрсетін індет» дейді ол.
Расымен де, жемқорлық жоқ болып жер түбіне кетпейді, сондықтан онымен күресу үздіксіз жүргізіле беруі керек-ақ. Шымкент қаласында әкімдікте өтіп жатқан жиынның қақ үстінен бір шенеунікті жемқорлық дерегімен ұстап әкеткені елдің есінде болар. Міне, бұл да қалған қызметкерлерге үлгі болсын деген оймен жасалып отыр.
Жалақы жоғарыласа, жемқорлық жойыла ма?
Тағы бір даулы мәселе, егер мемлекет жемқорлық тәуекелі жоғары сала қызметкерлерінің жалақысын көтерсе, бұл індеттің тамырына біржола балта шабуға бола ма? Бұл мәселені неге көтеріп отырмыз? Өйткені, мысал ретінде білдей бір облыс әкімін алсақ, ол – сол өңірдің бюджетіне тиесілі миллиардтаған қаржыны басқарып отырған адам. Ал, алатын айлығы миллион жарым теңге делік. Осындайда, «бал ұстаған бармағын жалайды» демекші, оған осыншама қаражаттың шетінен шамалы ақша жымқырып қалу жайында жымысқы ой келуі әбден мүмкін ғой.
«Рас, мойындау керек, жемқорлыққа адамдар көп жағдайда қаражаттан қиналған сәтте барып жатады. Екінші жағынан, қанша жалақы алса да, аз көретіндер бар. Сірә, «періште алтын көрсе, жолдан таяды» деген нақыл сөз осындайда айтылса керек. Ал, әкімдердің жалақысына келсек, менің ойымша, ол өңірдегі тұрғындар саны мен басқа да ерекшеліктеріне қарамастан бәріне бірдей көлемде бектілуі керек сияқты» дейді адвокат Ш.Нұрмұратқызы.

Баламасы жоқ жоба
Атырауда жемқорлықты жою және болдырмау мен алдын алуға бағытталған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік» жобасы қолға алынған. Мақсат – қоғамдық дертпен қоғам болып күресу. Аталған жоба өңірде қалай жүзеге асырылып жатқанын біз аймақтағы антикор қызметі превенция басқармасының бас маманы Айдана Аманиязовадан сұрастырдық.
«Жеморлықпен күреске еріктілердің қосып жатқан үлесі өте үлкен. Қысқа қайырып атап шықсам, Махамбет ауданында балабақшалардың бірі 20 үстелді бақандай бес миллион теңгеге сатып алмақшы болған. Еріктілердің араласуымен, бұл сома 3,6 млн теңгеге өзгертілді. Сондай-ақ, осы аудандағы балалар өнер мектебінде әрқайсысы 510 мың теңгеден барлығы 1,5 млн теңгеге он фортепиано сатып алуға тосқауыл қойылып, 6,4 млн теңге үнемделді. Мақат ауданында да, әрқайсысы 15 мың теңгеден жалпы сомасы 1,5 млн теңгеге көшет сатып алу жоспарланған. Бұған да еріктілердің арқасында жол берілмеді. Сол сияқты, еріктілер Исатай ауданындағы Аққыстау ауылында сапасыз жолдар салынғаны туралы Антикорға ақпарат жолдады. Нәтижесінде, ауылішілік жолдарды қайта жаңғырту барысында мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалану дерегі анықталды. Сөйтсек, әкімдікпен 1,4 млрд теңгелік келісім бойынша жасалған жұмыстар жөнінде жалған акттарға қол қойылған боп шықты. Осылайша, 78 млн теңге ел қаржысын жымқыру тәуекелі жойылды. Мұндай мысалдар жетіп артылады...» дейді А.Талғатқызы.

Шынымен де, бұл жоба екі-үш жылдың ішінде жемқорлықты жою жұмысына ел ертеңіне жаны ашитын азаматтарды тартудың тиімді тәсіліне айналып үлгерген. Бұл сөзімізді осы жобаға тікелей қатысушы еріктілердің бірі Жанат Есмағамбетова да растайды.
«Өзім медицина саласының өкілі болғандықтан, осы салада жемқорлықты болдырмау бағытында жұмыстанғанды жөн көрдім. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік» жобасы аясында қоғамға пайдалы көптеген жұмыстар атқарылды дей аламын. Бірде Балықшы ықшамауданындағы қалалық №4 емханаға қоғамдық бақылау жүргіздік. Сонда күзетші «дабыл ойнап жатыр» деген желеумен бізді кіргізбей қойды. Сол сәтте ол есірткілік препараттар сақталатын қоймадан каскамен белгісіз заттарды шығарып жатты. Тиісінше, заңбұзушылыққа қатысты хаттама толтырылды. Тағы бірде еріктілер перинатальды орталықтың небәрі 20 мың теңге тұратын көкөніс контейнерін 260 мың теңгеге сатып алайын деп жатқанын байқап қалған. Ол бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілді» дейді ол.
Бір қызығы, антикор еріктілері кейбір блогерлер секілді еш ескертусіз кез келген жерге кіріп, шу шығара бермейді екен. Алдымен, жемқорлықтың орын алу тәуекелі бар салалар бойынша талдау жұмысын жүргізеді. Содан соң «е-өтініш» платформасы арқылы басшылыққа өтініш жолдап, рұқсат құжаттарын алады. Яғни, бақылау жүргізетін еріктінің аты-жөні мен басқа да барлық мәліметі көрсетіледі. Соның өзінде де көптеген мекемелерде олар сұраған мәліметтерді бермейді немесе ұзақ уақыт күттіріп қояды екен. Мұның бәрі қолдан жасалған кедергілер екені айтпаса да түсінікті жайт. Дегенмен, соның бәріне табандылық пен төзімділік танытуға тырысатын еріктілер қандай құрметке де лайықты.
«Қойшы көп болса...»
Әңгімемізді қарапайым ғана мысалмен жалғайық. Кейбір мемлекеттік қызметкерлер қандайма бір мәселені шешу барысын сағызша созып жіберетіні бар ғой. Неге деп ойлайсыздар? Тәжірибе көрсетіп отырғандай, осыған ұқсас жағдайлардан параның «иісі» шығады.
«Сыбайлас жемқорлық – бұл қоғамның дамуында үлкен кедергі болып табылатын мәселе. Ол мемлекеттік институттардың тиімділігіне, экономикалық өсімге және әлеуметтік әділдікке теріс әсер етеді. Сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептері – мемлекеттік қызметкерлердің жауапсыздығы, заңнамалық база мен қоғамдық бақылаудың әлсіздігі, сондай-ақ қоғамдағы жемқорлыққа төзімділік деңгейінің жоғары болуы» дейді Нұрлан Жахин.
«Transparency Kazakhstan» ұйымының халық арасында жыл сайын жүргізетін сауалнамасы көрсеткендей, соңғы кезде жемқорлықтың жиілеп жатқаны адалдық мәдениетінің қалыптаспауынан болып отыр. Ал, оны қалыптастыратын мемлекеттік қызметкерлер екені айтпаса да түсінікті. Егер «бюджеттің» көрпесін әркім өздеріне тартып әлек болса, көпке кімді үлгі етеміз? Сондықтан халықпен жұмыс жасайтын азаматтар әділ, шынайы және ақшаға «сатылмайтын» болуы керек. Сонда ғана тұрғындар тарапынан сенім көпірі пайда болады және одан арсыз адамдар өте алмайды.
Респонденттердің ішінде мемлекеттік органдарға хабарласқандарының 11,3%-ы тұрмыстық жемқорлыққа тап болған. Ал, 8,2% шағын және орта кәсіп өкілдері мәселені бейресми түрде шешуге тура келген жағдайдан жапа шеккен. Соған қарамастан, сауалнама бойынша сұралған кәсіпкерлердің 80 пайызынан көбі пара бермей де бизнеспен айналысуға болатынын айтқан. Расымен де, солай болар, бірақ олардың бәрі бірдей Ата Заңды жатқа білмейтін шығар? Оны да ойлау керек-ақ. Сол үшін де кәсіпкерлердің, соның ішінде алыс ауылда төрт түлік түлетіп жүргендердің құқықтық сауаттылығын арттыруды Үкімет жолға қойса, жақсы болар еді.

Балабақшаға баламен бірге пара береді...
Пара демекші, оны жалақы түскендей күтіп отыратындар бар. Солар қай өңірде, қай мемлекеттік органда және қай салада көбірек кездесетіні белгілі болды. Арнайы сауалнамаға жауап берген тұрғындар – Атырау, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, ал, кәсіпкерлер – Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында қандайма мәселе «айналма жолмен» шешілетінін ашық айтқан.
Емхана, аурухана, полиция, салық, өрт сөндіру, жер қатынастары, қалалық құрылыс, халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), мемлекеттік балабақша, жоғары оқу орындары жемқорлыққа ең көп жол беретін мемлекеттік мекемелер болып саналады екен. Жіліктеп көретін болсақ, емдеу, жұмысқа орналастыру, балабақшаға бала беру, жер мәселесін шешу, ХҚКО-ынан анықтама алу, салықтық есеп тапсыру, заңбұзушылықтан жалтару және емтихан сессиясын «жабу» қажеттіліктері жемқорлыққа сеп болған. Ұйқастырып айтар болсақ, балабақшаға баламен бірге пара береді, ал, алғыштар болса, ала береді...
Осындай жағдайлардың орын алуына 50 пайыз мемлекеттік орган қызметкерлері бастамашы болатыны да сауалнама арқылы анықталған. Ашығын айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің жедел немесе мүлде әрекет етпеуі, мемлекеттік жүйедегі техникалық қателіктер, полицейлер мен сот орындаушылардың дөрекелігі, аудан әкімдерімен жолығудың қиындығы жұрттың жүйкесін жұқартқан.
Баяғыда біреу пара алды дегенді естіген жұрттың төбе шашы тік тұратын еді. Қазіргі қоғам бұған түк таңданбайды. Тіпті, жыл сайын параның орташа мөлшерін шығарып отырады.
Бұрын үлкендер Ұлыстың ұлы күнінде «барлық бәле-жәле жерге сіңсін» деп ырымдап жататын еді ғой. Ал, қазір пара бергіштер «жемқорлық жерге сіңіп жоқ болсын» деп бата берсе екен деген ұсыныс бар.

Ерлер параны әйелдерден көп береді
– Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін әртүрлі шаралар қабылдануы керек. Бұл шараларға заңнаманы жетілдіру, қоғамдық мониторингті күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және жауапты мемлекеттік қызметкерлерді тәрбиелеу жатады. Жемқорлықтың зардаптары ауыр: экономикадағы инвестициялық климат нашарлайды, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендейді, білім мен денсаулық сақтау саласындағы қызметтер сапасы төмендейді. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен күрес – әрбір азаматтың, қоғамның және мемлекеттің ортақ міндеті. Осыған орай, ақпараттандыру, ашықтық және қоғамның қатысуы маңызды рөл атқарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияларды жүзеге асыру арқылы ғана біз адал әрі тиімді мемлекет құра аламыз, - дейді мамандар.
Бүгінде жемқорлық жойылып кетпесе де, бір қадам артқа шегінгенге ұқсайды. Расымен де, өндірісті өңірде соңғы кезде мұндай қылмыстар қатары аздап төмендегені байқалады. Ресми деректерге сүйенсек, жемқорлық деректерінің басым көпшілігі құқық қорғау, әкімдік пен салық органдарында тіркеледі. Бір қызығы, ер азаматтар әйелдерге қарағанда 3-4 есе жиі пара береді екен.
– Бәрінен де маңыздысы – халық сеніміне селкеу түсірмеу. Бұл бағытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті тікелей арыздан бөлек, 1424 CaII-орталығына қоңырау қабылдайды. Соңғы алты жылда жемқорлық дерегі туралы хабарлаған 50 облыс тұрғынына жалпы сомасы 7 023 360 теңге ақшалай сыйақы төленді. Бір қуантарлығы, ірі кәсіпорын мен мекемелерде жемқорлықпен күрестің экономикалық жағынан пайдасы зор екені жөнінде түсінік қалыптасуда. Себебі, қоғамдық кеселдің кесірінен табыс төмендеп, елге тартылған инвестиция өзін-өзі өтемей жатады, – дейді мамандар.
СӨЗ СОҢЫ
...Иә, сірә, ең дұрысы – пара орнына бата беру. Есесіне, ертеңіне жүзің жарқын, жолың айқын болады. Қалай болғанда да, мемлекеттік кәсіби аппарат құру, өңірдегі жемқорлық деңгейін төмендету, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, тұрғындардың сенімін нығайту – бәрі де мемлекеттік қызметкерлердің қолында.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген: автор

