Атырау қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» Өңірлік Қолбасшылығының құрамына кіретін Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлімінің саптық алаңында жоғары оқу орындарына жолдама алған үздік сарбаздар марапатталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Әскери бөлімшеде борышын өтеп жатқан 12 сарбаз ЖОО-да тегін оқитын болды. Олар әскерде бір жыл бойы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, бүгінде мемлекеттік грантқа ие болды. Енді сарбаздар бір айдан соң Алматы облысындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының студенті атанады.
Жолдаманы әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Азамат Салимжанов салтанатты түрде табыстады.
Іріктеуден өтіп, бағы жанғандардың бірі – Нұржан Жәлел. Ол Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына қабылданды.
«Бұл жаңалықты естігенде қатты қуандым. Біз әскери борышымызды өтеуге келген кезде жыл бойы тәртібіміз жақсы, ал көрсеткіштеріміз жоғары болса, жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік бар деп ескертті. Соның нәтижесін бүгін көріп отырмын. Қолыма жолдама тиді. Өзім Шымкент қаласынанмын. Отбасында бес бауырмыз. Мен ортаншы перзентпін. Бәрімізді оқыту ата-анама ауыр ғой. Бұл ақжолтай жаңалықты олар естісе, қатты қуанары сөзсіз», - деп ағынан жарылды сарбаз.
Нұржан Жәлелден бөлек, Бөрібай Нұрдәулет, Кадирбаев Нұрсұлтан, Ақберді Бекжан, Бектөре Нұржан, Тәңірберген Бақытжан, Бауыржанов Темірлан, Серік Нұрбол, Жақсылықов Бағылан, Фатуллаев Сирожиддин, Қуандықов Бекзат және Шахантаев Ильяс салтанатты түрде жолдамаға ие болды.
Айта кетейік, іріктелген сарбаздардың ішінде атыраулықтар жоқ.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА