Атырауда заңсыз салынған тұрғын үй кешендері анықталды

Атырау қаласының орталығында рұқсатсыз салынып жатқан 9 тұрғын үй кешені анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress. 


Бұл туралы бейнеролик бүгін Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының Facebook парақшасында жарияланды. 
Заңсыз тұрғызылған көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы саны – 9. Атап айтқанда, «Жібек жолы», «Байсанат», «Saraishyk», «Qazanat», «Мальтийский дворик», «NB Towers», «Сұлтан Бейбарыс», «Green park» және «Хан сұлтан» тұрғын үй кешендері. 

Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысы Нариман Биғалидың айтуынша, олардың бірде-бірінде құрылыс бастауға рұқсаттары болмаған. 

«Құрылыс компаниясы баспана тұрғызу үшін ең алдымен сәулет жоспарлау тапсырмасы мен нобайлық жобасын жасайды. Мұнан соң жұмыс жобасын жасауға кіріседі. Егер компания 5 қабаттан жоғары үй салатын болса, онда құжаттарын мемлекеттік сараптамадан өткізеді. Ал 5 қабаттан төмен болса, онда жеке аккредиттелген сараптама ұйымдарынан өтеді. Олардан оң қорытынды алған соң ғана құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісу үшін облыстық мемлекеттік сәулет және құрылыс басқармасына арнайы сайт арқылы хабарлауы тиіс. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңы бойынша мұндай құрылыстар заңсыз деп танылады. Яғни олар дер кезінде тұрғын үй сала бастағаны туралы басқарманы хабардар етпеген», - деді Н.Биғали.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі бойынша облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы оларды тексере алмайды. Тек нақты  заңсыз фактілер анықталған жағдайда және жеке адамдар мен мемлекеттік мекемелер тарапынан арыз-шағым түскенде ғана тексере аламыз деп отыр. 

Айта кетейік, «NB Towers» тұрғын үй кешені бойынша облыстық мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасына шағым түсірілді. Осының негізінде тексеру жұмыстары басталмақ. 


Эльмира МЫҚТЫБАЕВА