Атырауда заңсыз кәсіпкерліктің алдын алу шаралары талқыланды

Атырау қаласы әкімдігінде заңсыз кәсіпкерлікке қарсы іс-қимыл шараларына арналған жиын өтті.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу қала прокуроры Мерген Мендіғалиевпен бірлесіп ұйымдастырылып, қала әкімі Шәкір Кейкінұлының төрағалығымен өтті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасарлары, қала прокуроры, Атырау қалалық полиция басқармасының басшысы, жергілікті полиция басшысының орынбасары, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры, қалалық кірістер басқармасының басшысы, сондай-ақ салалық бөлімдердің жетекшілері мен қоғам өкілдері қатысты.

Жиын барысында қала аумағында әлі де рұқсатсыз кәсіпкерлікпен айналысу, тіркелмеген сауда нүктелерін ашу және заң талаптарын сақтамау деректері кездесетіні атап өтілді. Мұндай құқықбұзушылықтар адал кәсіпкерлердің жұмысына кері әсерін тигізіп қана қоймай, салық нормаларының бұзылуына әкеліп, тұрғындардың еркін қозғалуына және тынығуына қолайсыздық туғызатыны айтылды.

Уәкілетті органдардың өкілдері өз ұсыныстарын білдірді. Қала прокуроры Мерген Өмірбекұлы қолданыстағы заңнама талаптарын кеңінен түсіндіріп, заңсыз кәсіпкерліктің құқықтық салдарына тоқталды. Сонымен қатар санитариялық талаптарға сай келмейтін және қала келбетіне кері әсерін тигізетін дүңгіршектер мен сауда нысандарын жою немесе заңдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.