Құрманғазы аудандық сотында судья Б.Менситованың төрағалық етуімен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандарға қатысты сот отырысы аяқталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Онда аталған қылмыс түрімен кінәлі болып танылған 2 азаматтың әрқайсысына 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Бұл туралы аудандық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Соттың хабарламасында айтылғандай, 2022 жылғы мамыр айында сотталушылар Д мен Н алдын ала сөз байласып, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылында орналасқан «Мирғали» автотұрағының аумағындағы «Балық Рыба» атты дүңгіршегін компьютерлік қызмет көрсету үшін автотұрақтың иесінен 50 000 теңгеге жалға алған.
Осыдан соң, азамат Д Н-ның айтуымен дербес компьютерін қолдана отырып ойыншыларға бәс тігу үшін трансляциялар ұйымдастырып, күнделікті 60 000 теңге көлемінде тапқан табысын Д-ға беріп, көрсетілген қызметтері үшін өзіне ай сайын 100 000 теңге алып отырған және дүңгіршектің ай сайынғы жалға алу төлемін жеке кәсіпкерге төлеп келген.
«2022 жылғы 10 маусымда сағат 13:00-де Құрманғазы ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп, нәтижесінде «аталған дүңгіршектегі заңсыз ойын бизнесін тоқтатып, жоғарыдағы көрсетілген құрылғыларды айғақты зат ретінде алды.
Бұған қарамастан азамат Д мен Н өздерінің жүргізіп жүрген ойын бизнесін заңсыз екенін анық біле тұра, одан қорытынды шығармай, өзара сөз байласып қылмыстық әрекеттерін одан әрі жалғастырып, 23 маусымда компьютер құралдарын қайта алып, аталған дүңгіршекте букмекерлік кеңсені заңсыз қайта ашып, ойын бизнесін жалғастырған» делінген хабарламада.
2022 жылғы 04 тамызда Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында «Кено» ойынын ойнау арқылы аталған дүнгіршекте ұйымдастырылған заңсыз ойын бизнесін әшкерлеген.
Департаментің криминалистік бөлімінің мамандары 2022 жылғы 23 маусым мен 04 тамыз аралығында 3 312 312,81 теңге заңсыз табыс тапқанын анықтапты.
«Сотталушылар ойын бизнесін жүзеге асыру үшін тиісті уәкілетті органнан рұқсат беретін лицензияны алмай, аталған қызметті заңсыз түрде жүзеге асырып, заң талаптарын бұза отырып заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, ҚК-тің 307-бабы 2-бөлігінің 2, 3-тармақтарында көрсетілген қылмысты жасады. Олардың әр қайсысына 2(екі) жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды» делінген аудандық соттың мәлімдемесінде.
Сотталушыларға жаза өтеу барысында 2 жылға пробациялық бақылау белгіленді