Атырауда заманауи жолдар пайда болуда

Атырауда төселіп жатқан заманауи, яғни, қиыршықтасты-мастикалық тасжолдар неміс технологиясының негізінде жасалған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл әдісті неміс ғалымдары өткен ғасырдың 60-жылдары ойлап тапқан. 2009 жылдан бері ол Астана мен Алматы қалаларында сәтті қолданылып келеді.

Мұндай жолдар Атырауда да бар. Атап айтқанда, Молдағұлов және Құлманов көшелеріне төселген. Кепілдік мерзімі – 2 жыл.

– Қиыршықтасты-мастикалық жолдардың сапасы өте жоғары болады. Жазда да, қыста да бірқалыпты тұрады. Еуропалық жол құрылысында осы әдіс қолданылады. Екіншіден, бұл жолдарда көктайғақ кезінде көлік сырғанамайды. Мәселен, әдеттегі тасжолдардың сырғанау ұзындығы 10 метрге дейін барса, ал, жаңа жолдарда небәрі 5 метр. Үшіншіден, бұл жолдар өте мықты келеді, оны сүріп тастау мүмкін емес, - дейді тәжірибелі жолшылардың бірі, мердігер "МКДСМ" мекемесінің учаске басшысы Жайық Айтыбасов. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ