Атырауда «ЮСС Суппорт Сервисиз» компаниясының қызметкерлері марапатталды (+видео)

Атырау облысының Кәсіподақтар үйінде «ЮСС Суппорт Сервисиз» компаниясының қызметкерлері марапатталды.

Қоғамдық бірлестік төрағасы Жексенбай Құсайынов жиынға қатысушыларды бүкіл елімізде аталып өткен Республика күнімен құттықтады. Ол адал да абыройлы қызметтерімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және ұжымдағы жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауды, еңбек жағдайларын жақсартуға үлес қосып жүрген кәсіподақ белсенділеріне ризашылығын білдірді.

Мереке қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталғанда қатарында аталған компанияның автокөлік жүргізушісі Мақсот Қалихов та болған еді.


Шарада қоғамдық бірлестік төрағасы Жексенбай Құсайынов аталған мемлекеттік награданы еңбек озаты Мақсот Ибраимұлының өңіріне тақты. Сондай-ақ, осы жиында кәсіподақ ұйымы жұмысына ұдайы қолдау білдіріп, әлеуметтік әріптестікті нығайтуда қосқан үлесі үшін «ЮСС Суппорт Сервисиз» компаниясы бас директорының бірінші орынбасары Николай Плещевке Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты» медалі тапсырылды.  


Компания бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Марал Көшенов, еңбек ардагері Александр Дурманов, компанияның әлеуметтік және еңбек қатынастары жөніндегі менеджері Ғафур Орынғалиев пен активтер қауіпсіздігі жөніндегі менеджері Үмбет Сыдихов, кәсіподақ қозғалысының ардагері Қуандық Батыров  марапат иелерін құттықтап, мықты денсаулық, еңбекте табыс тіледі. ​​