Атырауда WI-FI бар орындықтар мен телефон қуаттайтын құрылғылар пайда болды

Әрбір орындықта телефонды зарядтауға арналған 16 USB порты және 100 метр қашықтыққа дейін ұстайтын тегін WI-FI бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін мұндай ерекше сыйлықты Атырау қаласы күніне Ақтөбе әкімдігі тарту еткен екен.

«Екі заманауи орындықта 100 метрге дейін ұстайтын тегін Wi-Fi және телефонды қуаттауға арналған 16 USB порты бар. Тегін Wi-Fi желісіне қосылған кез келген адам жаңалықтарды оқуға, тегін қоңырау шалуға, веб-сайттарға кіруге және Интернеттен кез келген басқа ақпаратты алуға мүмкіндігі бар», - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, ақтөбеліктер ою-өрнектермен безендірілген торсық ыдыс түріндегі архитектуралық композицияны сыйға тартты.  Онда «Алтын бесік Ақтөбеден - мұнайлы астана Атырауға сый-тарту!» деп жазылған.  Оның биіктігі шамамен 1,5 метрді құрайды.

Демалуға арналған заманауи дизайндағы екі орындық қала тұрғындарының, әсіресе жастардың көңілінен шықты.

«Біз достарымызбен Жайық жағасында жиі серуендейміз. Кейде телефонның қуаты таусылып, өшіп қалады. Сол кезде шарасыз күйге түспейміз. Осында келіп, қуаттап аламыз. Жақсы болды ғой! Дәл осындай заманауи орындықтар барлық жерде болғанын қалаймын», - деп ойымен бөлісті қала тұрғыны Ғазиз Төлеков.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Фото: Динара КАНБЕТОВА