Атыраулық полицейлер велосипед ұрлығынан сақтану қажеттігін ескертеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қазіргі уақытта қала аумағында көп тіркелген ұрлық деректерінің бірі – велосипед ұрлығы. Қала аумағында ұрлық қылмыстарының алдын алу, болдырмау мақсатында құқық қорғау қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шараларды тұрақты өткізуде. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Жыл басынан бері облыс аумағында тұрғын жайлардың маңынан велосипед ұрлаған 18 күдікті анықталып, ұсталды. Ұрланған велосипедтер өз иелеріне қайтарылды. Мәселен, Атырау қаласы ПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс шарасын өткізу барысында қала аумағында велосипед ұрлығымен айналысқан 2002 ж.т. күдіктіні анықтады. Ол ұрлаған велосипедтер қала аумағында ломбардтардан тәркіленді. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Сондай ақ оның дәл осындай 4 қылмысқа қатысы бар екені анықталды.
"Осы ретте, атыраулық полицейлер бөтеннің мүлкін жымқырған, ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Егер, қандай да бір қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз дереу 102 арнасына хабарласыңыз" делінген хабарламада.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
.