Атырауда үздік спортшылар марапатталды

Атырауда «Sports awards - 2022» салтанатты шарасы өтіп, 18 аталым бойынша үздіктер анықталды, деп xабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Дәстүрлі шараға өңіріміздегі спорт саласының майталмандары мен спортшылары қатысты. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Атырау спортының дамуына үлес қосқан спортшыларға алғысын білдірді.

  - Тәуелсіз еліміз бүгінде әлемнің алып спорттық мемлекеттерінің біріне айналды. Атырау облысында да спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт кешендерінің саны көбеюде. Спорт мектептері мен спорт мекемелерінде шұғылданушылар саны артуда. Жаттықтырушылар мен спортшылар алдағы уақытта да облыс мерейін асырып, даңқын шығаратын шәкірттерді тәрбиелеуде өз тәжірибесін аянып қалмайды деген сенімдемін,- деді Ж.Бисембиев.

  Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары «Олимпиадалық емес спорт түрлерінен Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» директоры Қайрат Досқалиев, «Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» директоры Рустем Кисметов және ҚР кикбокстан еңбегі сіңген жаттықтырушысы, облыстың кикбокстан аға жаттықтырушысы Данияр Юсуповты Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» Құрметті төсбелгісімен марапаттады. Бұдан бөлек, бокстан облыстық мамандандырылған спорттық клубының директоры Асылбек Чунышкалиев, Атырау облысының джиу-джитсудан аға жаттықтырушысы Айбар Есенгалиев, Атырау облысының еркін күрестен жасөспірімдер арасында аға жаттықтырушысы Айдос Лекеровке «ҚР Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі табыс етілді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт Министрі Дәурен Абаевтың Құрмет грамотасымен, Мәдениет және Спорт Министрлігінің және облыс әкімінің Алғыс хатымен бір топ спортшылар марапатталды.

  Дзюдо күресінен әйелдер арасында әлем чемпионатының тұңғыш қола жүлдегері, Азия чемпионатының күміс медаль иегері Абиба Абужакынова олимпиадалық спорт түрлерінен «Жыл спортшысы» атанса, ересектер арасында жағажай самбосынан әлем чемпионы, спорттық самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Азия чемпионатының алтын жүлде иегері Айдынбай Қайырберді олимпиадалық емес спорт түрлерінен «Жыл спортшысы» атағына ие болды.