Атырауда үздік балықшылар марапатталды

Атырауда Балықшылар күніне орай сала үздіктері мен ардагерлері марапатталды, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі. Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев сөз сөйлеп, құттықтау лебізін білдірді. -Бүгінгі таңда Атырау өңірінде балық аулау, өңдеу ісіне 19 табиғат пайдаланушы кәсіпорын тартылған. Биыл 614 адам тұрақты және 3200-ден астам адам маусымдық жұмыстарға орналастырылған. Жыл басынан бері салалық басқарма арқылы жануарлар дүниесін пайдалану жөнінде 2260-қа жуық рұқсат қағазы рәсімделген. Тек биылғы көктемгі маусымның өзінде 11225 тонна балық ауланды, деді Қ. Нұрлыбаев, балықшылардың кәсіптеріне береке тіледі. Кәсіби мерекеге орай үздік балықшылар Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрілігінің «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер» Құрметті атағымен, «Балық шаруашылығы саласында мінсіз қызметі үшін» төс белгісімен және Балық шаруашылығы комитеті төрағасының алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, облыстық Мәслихаттың, Атырау облысы әкімінің және облыстық Балық шаруашылығы басқармасының алғыс хаттары табысталды. Салтанатты жиын мерекеге орай ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.