"Атырау облысы бойынша ҰҚК басқармасының қызметкерлері оқушыларға тарту-таралғы жасады" деп хабарлайды ATPress.kz.
Атырау қаласының Балықшы шағынауданында орналасқан Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан 20 бүлдіршінге портфель табысталды. Сабаққа ұстайтын сөмкенің ішінде қажеттінің барлығы бар. Атап айтқанда, дәптер, қалам, қарындаш, ермексаз, фломастер, күнделік, сурет дәптері және тағы басқа құралдар жиынтығымен толықтырылған.
Атырау облысы бойынша Ұлттық Қауіпсіздік комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Әйтеновтың айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралары басқарма тарапынан жылда жүзеге асып отырады.
Мектепте оқитын балалардың 110-ы қамқорлыққа мұқтаж екен. Алайда олардың барлығына бірдей көмек көрсету мүмкін емес және осы жолы 20 оқушыны іріктеп алдық дейді мектеп директоры Айнагүл Мәжекова.
Балалардың ата-аналары көрсетілген бұл қамқорлыққа алғыстарын жаудырды.