Осы жылдың төрт айдың қорытындысы негізінде экология департаментімен 7 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп және екі объектіге бару арқылы профилактикалық бақылау және рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеру жүргізілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Нәтижесінде жоспардан тыс тексерулер бойынша 7 бұзушылық, сондай-ақ рұқсат беру талаптарына сәйкестігіне тексерулер бойынша 3 бұзушылық анықталды. Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, мұндай деректерді облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов келтіріп отыр.
- Жалпы жыл сайын департамент тарапынан тексерістер мен бақылаулар жүргізіліп отырады. Биыл құқықбұзушылықтың 7 фактісі анықталды. Олардың ішінде қауіпті қалдықтарды рұқсатсыз жинау, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын орындамау, рұқсатсыз шығындылар шығару, міндетті мәліметтерді ұсынбау, жер бүлдіру және экологиялық талаптарды бұзу әрекеттері бар. Бақылаулар нәтижесімен жалпы көлемі 13 млрд 704 млн 771 мың 349 теңгеге 45 әкімшілік айыппұл салынған болатын. Дәл қазіргі уақытта оның 18 млн 555 мың 039 теңгелік айыппұлдары өз еркімен өндірілді. Сонымен қатар бүгінде 13 млрд 686 млн 216 мың 310 теңгенің үш әкімшілік ісі орындалу үстінде. Яғни, сот органдарында қаралуда, - деді Ә.Бекмұхаметов.
Сондай-ақ оның айтуынша, бұдан бөлек өткен жылы осындай бағытта салынған 1 млн 311 мың теңгенің төрт айыппұлы қазіргі уақытта толықтай өндірілді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ