Атырауда "Достық үйінде" 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, этномәдени бірлестіктердің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Салтанатты шараны Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат Әзмұханов ашып, жиналғандарды атаулы мерекемен құттықтады.
- Көпұлтты халқымыздың татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысайық, - деді ол.
Салтанатты жиында мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, этносаралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып жүрген Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің маманы Андрей Голодов марапатталды.
Мерекелік концертте "Тхониль" корей этномәдени бірлестігінің «Самульнори» ансамблі өнер көрсетті.
Қазақстан халқының бірлігі мерекесі 25 жылдан астам уақыттан атап өтіліп келеді және ол еліміздегі ең жарқын мерекелердің бірі.
- Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады және біз бәріміз бір отбасы, бір халық болып өмір сүріп жатырмыз, - дейді «Тхониль» этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Людмила ЛИ.
Айта кету керек, Атырау облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты "Қоғамдық келісім" КММ атаулы күнге орай ауқымды шаралар ұйымдастыруды қолға алды. Қайырымдылық, мәдениет пен өнерді паш ететін жан-жақты шаралар облыс аумағында өткізілуде.