Атырауда тұрғындардың жауапсыздығынан жатақхананың тоз-тозы шыққан

Атырау қаласындағы Сәтпаев көшесіндегі 4 «А» мекенжайындағы бес қабатты жатақхананың тоз-тозы шыққан. Үйге кірген бетте-ақ, қолқаны қабатын жағымсыз иіс мүңкіп тұр.

Жертөленің жағдайы адам көргісіз.  Маса көп. Ал подъездің іші қараусыз қалған. Тек бірінші қабат  тұрғындары ғана аздап ретке келтіріп  алған екен. 

Бұл жатақхананың іргетасы 1983 жылы қаланған. Онда 75 отбасы тұрып жатыр. Көбінде жалғызілікті зейнеткерлер, мүгедектер мен жалға алушылар тұрады.  Мұндағылар жаңбыр жауған сайын жанын шүберекке түйіп отырады. Өйткені төбеден кеткен су сылдырап ағып, үшінші және төртінші қабаттарға өтеді екен. Соның салдарынан үйдің ішінен дымқыл иіс шығып тұр. Тіпті электр жарығын қосу қауіпті. Ал қабырғалар көгеріп, кей тұстары ісініп, түсіп жатыр.   

Осы үйдің тұрғыны Әсия апай бесінші қабаттан су жиі кететінін және одан әбден зәрезап болғанын айтады. Төменгі қабаттағылар шатыр жөндеуге, ал жоғары қабаттағылар жертөлені жөндеуге атсалысудан бас тартып отыр.

- Шатырды жабу үшін әр пәтерден  170 мың 500 теңге жиналуы қажет.  Оны тұрғындар жинап бере алмайды. Бірінші қабаттағылар шатырдың бізге қатысы жоқ дейді. Бізге әкімдік тарапы шатырды жабуға көмектессе, жертөлені өзіміз жөндер едік.  Немесе модернизацияға ілінсек жақсы болар еді, - дейді Әсия апай. 

Тұрғындардың айтуы бойынша, осыдан 15 жыл бұрын жатақханада өрт шығып, екі қыз қайтыс болған екен. Сонда шатырға шығатын баспалдақтың пайдасы тиіп, өрт  сөндірілген. Ал енді беті аулақ, осындай оқиға бола қалса, ол баспалдақ та жоқ. Өйткені тұрғындар ол аумақты қоршап, қосымша бөлме жасап алған.  Бесінші қабаттағы тұсы үнемі ашық болғандықтан, онда еріккеннің барлығы кіріп, білгенін істейді екен. Қазір іші қоқысқа толы. Сондықтан, Әсия апай көршілерімен ақылдасып, оның есігіне құлып салды. 

Атырау қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Рафкат Жолдиевтің айтуынша, бұл жатақхана апатты деп танылмаған.  Модернизация жасау үшін, тұрғындардың 70 пайызы келісім беріп, пәтер иелері кооперативі құрылуы тиіс.  Ал ондағылардың басым бөлігі  «үйіміз апатты жағдайда, болашақта жаңа пәтерге ие боламыз» деген нық сеніммен қолдарын қусырып отыр. Қазір жаз мезгілі. Аталған мәселелерді тұрғындар уақытша ұмытқан сыңайлы. Ал күз келіп, жауын-шашын толассыз жауа бастағанда бұл мәселе қайта ушыға түседі.

Айта кетейік, Атырау қаласында 86 апатты тұрғын үй бар.