Атырауда тұрғын үй-құрылыс кооперативтері жауапқа тартылды

Бұл туралы ATPress.kz Атырау қалалық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. Атырау қаласының прокуратурасы үлестік тұрғын үйлер құрылысына мониторинг жүргізуде.  Мониторинг барысында Атырау қаласында 2 тұрғын үй-құрылыс кооперативі бұқаралық ақпарат құралдарына жарнамаларды заңсыз жариялау арқылы жеке және заңды тұлғалардың ақша қаражатын тартқаны анықталды.    Қала прокуратурасының бөлім бастығы Ерлан Какиевтің айтуынша, аталған мекемелерге қатысты прокуратурамен әкімшілік іс қозғалып,  айыппұл салынған.  Айта кетейік, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның                талаптарына сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу үш түрлі тәсілмен — кепілдік беру қоры, банк немесе жергілікті атқарушы органының рұқсаты арқылы ұйымдастырылады.  Өзге тәсілдермен көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысы үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынады. Атырау қаласының прокуратурасы азаматтарды мүлікті иеленуге немесе пайдалануға кепілдік бере алмайтын күмәнді компаниялармен азаматтық шарттарға отырмауға шақырады.