Атырауда туберкулезге шалдыққан мектеп басшысының жағдайы белгілі болды

Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау қалалық №4 емхананың директоры Еркін Сабировтың айтуынша, науқас қаңтар айының 5-і күні денсаулығына шағымы бойынша эндикринолог маманының көмегіне жүгінген. Денсаулығын тексерту барысында сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігінде ақау  бар екенін білген науқас одан соң ешқандай учаскелік дәрігерге қаралмай, өз бетінше емделеді. 10 қаңтар күні науқастың ауырып жатқаны туралы хабарлаған жолдасы оны компьютерлік томаграфия арқылы тексеруді сұрайды. Дәрігер берген  жолдамамен  тексеріліп, қорытындысы араға 6 күн салып, яғни, 16 қаңтар күні белігілі болады. 17 қаңтар күні тапсырылған қақырық қорытындысымен науқас ауруханаға жатқызылған.  


«Кеуде қуысының компьютерлік томография қорытындысы бойынша  учаскелік дәрігер туберкулездің алғашқы белгілерінен күдіктеніп, жолдамамен қақырық жинау процесін талдау барысында науқастан аурудың бактерия бөлетін түрі анықталып, қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау бөліміне жедел шұғылнама жіберілді» дейді туеркулезге қарсы күрес диспансері директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжанат Сұлтанқызы.


Маманның айтуынша, науқастың қазіргі жағдайы орташа, салыстырмалы түрде қанағаттанарлық.
Науқас жылдағы бір реттік тексерістерден уақытылы өтіп отырған және өзінің шағымына қарай маманға көрінген. Оның денсаулығынан сезген ең басты шағымы салмақ жоғалтуы болыпты. Сондай-ақ мектеп басшысының дәрігерлік тексеріс кезінде қант диабетіне шалдыққаны анықталған.


«Науқас кемінде екі ай стационарлық ем алуы тиіс. Тапсырылған қақырықтан әлі үш бірдей сараптама қорытындысын анықтаймыз. Содан соң денсаулығының дәріге төзімділігі мен сезімталдығына көз жеткізу үшін тестілеу жүргізіледі. Олар кемінде 14 күн ішінде өз нәтижесін бере бастайды. Соған қарамастан, науқас ертеңнен бастап туберкулезге қарсы ем қабылдайды, - деді Гүлжанат Сұлтанқызы.


"Мектепте 112 мұғалім, 1289 оқушы, 68 мектепалды даярлық сыныптарының тәрбиеленушілері бар. Қазір сабақ жүріп жатыр. Санитарлық эпидемиологиялық нұсқамаларға сай науқаспен қарым-қатынаста болған қызметкерлерді флюорография тексеруден өткізіп, дизенфекция жұмыстарын жүргіземіз" дейді  Атырау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аманбай Хұсынов.