Атырауда туберкулезден көз жұму жағдайы азайған

Мұнайлы өлкеде туберкулезден болатын өлім 44,4 %-ға төмендеді, деп хабарлайды ATPress.kz.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдуәлиев биыл 5 айдың ішінде жалпы өлім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 8,3%-ға төмендеді, деп мәлімдеді облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында басқа да көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалып отыр.

-Мәселен, туберкулезден болатын өлім 44,4 %-ға төмендеді. Қатерлі ісікпен ауыру 8,9%-ға төмендесе, қатерлі ісіктен болатын өлім саны 9,7%-ға төмендеді.  Туберкулезбен сырқаттанушылық 18,5%-ға төмендеді. Қан айналым жүйесінен болатын өлім 4%-ға төмендеді. Алайда, өсім де жоқ емес. Бүгінде қан айналым жүйесінен сырқаттанушылық 12,4%-ға өсіп отыр, - деді А.Байдуәлиев.

Айта кетейік, туберкулезден болатын өлім-жітімнің 14,2%-ға, қатерлі ісіктен 5,72%-ға, жазатайым жағдайлардан болатын өлім 4,6%-ға төмендеді.