2022 жылдың желтоқсанында «Авангард» шағынауданында көлік ұрлап, 13 жасар қызды зорламақ болған ер адам ұсталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, анасы қызын көлікте қалдырып, өзі дүкенге бірнеше минутқа кіріп кеткен. Ал дүкеннен шыққан кезде көлік орнында болмаған. Атырау қаласының патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің жедел әрекет етуі нәтижесінде 34 жастағы ер адам қылмыс жасамақ болған кезде ұсталды. Кейінірек қыздың сал ауруымен ауыратыны белгілі болды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл оқиғаға 2023 жылдың маусым айында нүкте қойды. Өйткені іс жабық сот отырысында қаралғандықтан, істің мән-жайы күшіне енген жоқ.
Сотталушының кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің және оның заңды өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен толық дәлелденген. Ол қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша бірден кінәлі деп танылды: қызды зорлау әрекеті және көлікті ұрлап, айтарлықтай шығын келтіру.
«Сот үкімімен ер адам екі бап бойынша да кінәлі деп танылды. Сотталушы өзі кінәсін мойындады. Оған 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді», - деп мәлім етті облыстық соттың баспасөз қызметіндегілер.
Эльмира Мықтыбаева