Атырау қаласында тұңғыш рет еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам спортшының басын қосқан Триатлоннан Қазақстан чемпионаты өтті.
Спортшылар әр түрлі жас ерекшелігі бойынша жүзу, велоспорт және жүгіруден өзара мықтыны анықтады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев марапаттады.
Жасұлан Бисембиев, облыс әкімінің орынбасары:
"Бұндай шаралар ең алдымен балалар спортын және бұқаралық спортты дамытуға зор ықпалын тигізетіні сөзсіз. Қол жетімді спорт түрлері болғандықтан алдағы уақытта жастарымызды көптеп көреміз деген сенімдемін".
Атырау қаласындағы "Жастар" паркі жүгіру және велосипед жолдарымен толық жабдықталғанын және судан өте ыңғайлы шығу жолы бар. Бүгінгі сайысқа 40-тан астам жергілікті спортшылар қатысты.
Айта кетейік, жақында елордада әуесқой спортшылар арасында триатлоннан халықаралық турнир өтіп, оған Атыраудан 24 атлет қатысып қайтқан еді. Бұл аймағымызда спорттың бұл түріне деген қызығушылықтың басым екендігін байқатады.