Атырауда «Тосқауыл» іс-шарасы кезінде 2 келіден астам есірткі заты тәркіленді

Облыс аумағында өткізілген іс-шара барысында 2 келі 587 грамм есірткі заты тәркіленді. Оның 1845 грамы синтетикалық, ал 742 грамы гашиш есірктісі, деп хабарлайды  AtyrauPress тілшісі. 

Іс-шара нәтижесінде есірткіге қатысты 8 қылмыстық құқық бұзушылық анықталып, 9 адам қамауға алынды. Тәркіленген есірткі затының бағасы 30 млн теңгені құрайды. 

«Telegram  желісі арқылы облыс аумағында синетикалық есірткіні жасырын тығу әдісі арқылы сатпақ болған деген күдікпен Маңғыстау облысының 24 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Сондай-ақ, жеке пәтерін тінту кезінде 1 келіден астам синтетикалық есірткі заты табылды. Бұған қоса, тексеру жұмыстары кезінде пәтер ішінде 23 грамм синтетика мен 2 тапанша қару сақтаған БҚО-ның екі тұрғыны ұсталып, барлығы дерлік уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - деп мәлім етті баспасөз қызметіндегілер.

Сонымен қатар, есірткі заттарын жарнамалайтын 10 интернет-сайты бұғатталып, республикалық іздеуде жүрген екі күдікті ұсталды.

Бұдан бөлек, 1000-ға жуық оқушылар мен студентті қамтыған 20-дан астам профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде «Есірткіге жол жоқ» тақырыбында жоғары сынып оқушыларына, студенттер мен ата-аналарға арналған жиналыстар және облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог мамандарына арналған тренингтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Эльмира Мықтыбаева