Атырауда тоқтап тұрған BINOM мектептерінің құрылысы қайта қарқын алды (фото)

Облыс орталығының «Нұрсая» және «Сарыарқа» шағынаудандарында салына бастаған BINOМ мектептерінің құрылысы жаз мезгілінің басында тоқтап қалған еді. Араға бірнеше ай салып, білім ұяларының құрылысы қайта жанданды.
BINOM мектептерінің құрылысы өткен жылдың IV тоқсанында басталған еді. Ал 2022 жылдың IV тоқсанында екі мектептің де құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда жоба жетекшісі Нұрбол Шалкеновтің айтуынша түрлі тексерулердің салдарынан құрылыс тоқтап қалды.
Мұнайлы өлкенің орталығында салынып жатқан 2000 орындық қос мектептің құрылысына 20 миллиард теңге бөлінді. Әр білім ұясының аумағы 22 мың 400 шаршы метрді құрап, 4 қабаттан және 13 блоктан тұрады.
Бүгінде құрылыс басында жұмысшылар уақытпен санаспай еңбек етіп жатыр. Мектептердің төртінші қабаты бой көтере бастады. Құрылысшылар газоблок және кірпіш қалау, терезе орнату, инженерлік жүйелерді жүргізу, шатыр жабу секілді басқа да жұмыстар қызу жүріп жатыр.
«Сарыарқа» шағынауданындағы мектептің құрылыс алаңында 85 жұмысшы іске кіріскен. Құрылыс учаскесінің басшысы Асылан Жүсіповтың айтуынша, монолитшілер, тас қалаушылар, терезе монтаждаушылар, металистер, шатыр жабушылар секілді жұмысшылар еңбек етіп жатыр. Сонымен қатар құрылысқа 1 жүк краны, 2 автокран, 1 жүк тиегіш, 3 самосвал мен 1 автобетон сорғышы жұмылдырылған.
Атыраудағы BINOM мектептері құрылысының мемлекеттік серіктесі Атырау облысының білім беру басқармасы, жеке серіктесі «BINOM Atyrau» ЖШС. Ал бас мердігер «BiGlobal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, бас жобалаушы «Данайхан Стройтех» ЖШС.
Айта кеткен жөн, BINOM мектептері балаларды тегін оқытады. Оқушыларды білім ордасына қабылдау ҚР білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік ережелері негізінде жүзеге асырылады.
Құрылыс жұмыстары келесі жылдың жазында аяқталып, "Нұрсая" және "Сарыарқа" шағынауданындағы жаңа BINOM мектептерінде 1 қыркүйек күні алғашқы қоңырау үні соғылады.