Тоғызқұмалақтан 15-17 жас аралығындағы қыздар мен ұлдар қатысқан облыстық чемпионат өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жарысқа Жылыой, Индер, Қызылқоға, Махамбет аудандары мен Атырау қаласынан 32 ойыншы қатысты.
- Адамзат әлемдегі тың ғылыми жаңалықтар, озық технологияның жетістіктеріне күн сайын куә болып, оның жедел қарқынды дамуымен жарыса ой-санасы жетіліп жатқан мына заманда ұрпақтың ойлау қабілетінің өсуіне мән беріп, оның ақыл парасатын жетілдіруге назар аудару ауадай қажет екендігі сөзсіз. Балалардың ой-өрісін дамытуға, шынықтыруға, оларды тапқырлыққа, ұстамдылыққа, ұқыптылыққа баулитын қазақтың ұлттық ойыны - тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны саналатыны туралы барша адам біледі, ғылымда да мұны әлдеқашан дәлелдеп қойған. Осы орайда ұйымдастырылып жатқан сайысқа баршаңыз да қош келдіңіздер! Барлық қатысыушыға сәттілік тілеймін,- деді облыстық Тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы Құрманбай Ашетов.
Екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша I орынды жылыойлық Ақнұр Игілік және Атырау қаласынан қатысушылар Расул Нұрланұлы мен Мадина Есқайыр иеленсе, атыраулық Алмира Коныскалиева, индерлік Алихан Жұмағали, қызылқоғалық Нұрай Ерланқызы ІІ орынға тұрақтады. Сондай-ақ, жылыойлық Жанерке Сағынбай, қызылқоғалық Ақторғын Мыңбай, махамбеттіктер Бектұрған Меңдіғали мен Мырзабек Наурызбекұлы, индерлік Дильяра Азмухан, атыраулық Аружар Орынбасар ІІІ орынға қол жеткізді.