Атырау қаласында қоғамдық орында төбелескендер қамауға алынды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бес ер азамат көпқабатты үйдің жанында бір-бірімен төбелесіп, тұрғындардың шырқын бұзған. Оған қоса, тәртіп сақшыларының талабына да бағынбаған.
«21 шілде күні кешкі сағат 23:15 шамасында №1 қалалық полиция бөліміне Атырау қаласы М.Әуезов көшесі бойында орналасқан көп қабатты пәтерлердің бірінің алдында белгісіз ер адамдардың төбелесіп жатқаны бойынша хабарлама түскен. Аталған хабарлама бойынша учаскелік полиция инспекторлары оқиға орнына келіп, тексеріс жұмыстарын жүргізу кезінде бұзақылық жасаған азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, қарсылық танытқан. Алайда, тәртіп сақшылары қоғамдық орындарында бұзақылық жасаған азаматтарды №1 учаскелік полиция пунктіне жеткізген», - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері бір-бріне қол жұмсаған 38, 37, 36, 35 және 32 жастағы азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1, 2-бөлімдері және 667-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама жасақталды. Сот шешімімен 5 күннен - 20 күнге дейін әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА