Атырауда тері ауруларының саны төмендеген

Бұл туралы облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Жайнагүл Утепкалиева мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Өңірде жыл басынан бері тұрғындар арасында жұқпалы тері ауруларымен ауырған 279 науқас тіркелген. Оның ішінде қышыма 57, дерматомикоз 222. Ауру 14 жасқа дейінгі балалар арасында көп орын алып отыр. Дәлірек айтсақ, 196 жағдай немесе 70 %-ды құрайды. Оның ішінде қышыма 39 болса, дерматомикоз 157. Өткен жылы осы уақытта 301 жағдай тікелсе, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар  арасында 213. Салыстырмалы түрде қарасақ, биыл ауру саны азайған.


Мамандар тері ауруларының алдын алу үшін келесі профилактикалық шараларды сақтау керегін ескертеді.


- Жеке гигиена ережелерін сақтап, жиі жуыну немесе әрбір 5-7 күн аралығында монша қабылдау қажет. Іш киімдерді және төсек жаймаларын жиі ауыстырып, оларды жуып, үтіктеп отырған дұрыс. Әр адамның жеке сүлгісі және басқа да тұтыну заттары болғаны жөн. Жан-жануарлармен қарым-қатынаста болғаннан соң қолды мұқият сабындап жуу керек. Қышыма, басқа да тері ауруына сәл күдіктенгенде дереу тұрғылықты жердің дәрігеріне көрінуіге кеңес беремін, деді Ж.Утепкалиева.


Айта кетейік, тері – адам денесінің ең маңызды жүйесі, оның саулығы адам денсаулығының бірден-бір кепілі болып табылады. Жүрек, бауыр, асқазан сияқты тері де қиын құрылымды және адам үшін өмірлік маңызды функцияларды атқаратын болғандықтан жеке жүйе болып саналады.

 

Фото ашық дереккөздерден алынды.