Атырауда тері ауруларының кейбір түрлерімен ауырғандар саны 35 пайызға төмендеген

Бұл туралы облыстық тері-венерологиялық диспансерінің директоры Мира Бердешева мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
-Атырау облыстық тері-венерологиялық диспансері облыс халқына дерматовенерологиялық көмек көрсететін арнайы мамандандырылған бірден-бір мекеме. Біздің облысымыз мұнай өндіру кәсіптік аймағы болып табылғандықтан жұмыс жасау жасындағы азаматтардың келуі көп, туу көрсеткіштері де жоғары. Дерматовенерологиялық қызметке халықтың жүгінуі күн санап артуда. Жыл басынан бері 12718 науқас тері ауруымен көмекке жүгінген. Соның ішінде 253 емделуші есепте тұр. Бүгінгі күні ең көп кездесетін тері ауруы псориаз болып отыр. Сондай-ақ, жыныстық жолмен жұғатын инфекциялармен 496, дерматофитиялық аурулармен 175 жағдай тіркелді. Алайда, өткен жылмен салыстарғанда бұл аурулардың 34,7%-ға азайғандығы байқалады, деді М.Бердешева. Оның айтуынша, облыстық тері-венерологиялық диспансерінде дерматовенерологиялық бейін бойынша арнайы медициналық көмек көрсетіліп, ғылыми-зерттеу институтының профессорлары арнайы кеңес береді. Ал, тері патологиясы бар науқастарға ультракүлгін кабинасымен псориаз, атопиялық дерматит, витилиго, қызыл жазықты теміреткі, лимфомалар, парапсориаз, алопеция сынды диагноздарға фототерапия арқылы емдеу жүргізіледі. Айта кетейік, еліміздің жетекші дерматологтары балаларға көмек көрсету мақсатында 7-10 шілде аралығында ҚР Денсаулық сақтау минстрлігі Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының жетекші дерматовенерологтары мен дерматокосметологтары облыстық тері-венерологиялық диспансері және Атырау қаласының эстетика және медицина орталығының мамандарымен бірлесіп, балалар жылы аясында өңірдің жас пациенттерін амбулаториялық қабылдау өткізетін болады.