Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрт ошақтарына аэровизуалды тексеру жүргізді, деп хабарлайды AtyrauPres.
Атырау қаласында түтін иісінің анықталуына байланысты, өрт ошақтарын анықтау мақсатында әуеден барлау жүргізу үшін "Қазавиақұтқару"АҚ МИ-874 тікұшағы жұмылдырылған еді.
Облыстық ТЖД қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен құралған комиссия мүшелері (13 адам) Каспий теңізінің жағалауында 100 шақырым радиуста аэровизуалды тексеру жүргізді. Жүргізілген әуеден барлау нәтижесінде, Атырау қаласынан 70 шақырым жерде Жылыой ауданы бағытында Каспий теңізінің жағалауында жану аумағы шамамен 9 га аумақты құрайтын 3 жану ошағы анықталды. Жану аумағы иесіз, Каспий теңізінің жағалауында орын алып жатыр.
Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Исатай ауданы аумағында Каспий теңізінің маңында жалпы аумағы шамамаен 250 га (оның ішінде өздігінен өшкені 200 га) болатын жекелеген жану ошағы анықталған.
"Бұл жану ошағы Атырау қаласына және елді мекендерге қауіп төндірмейді, себебі түтін бағыты теңізге қарай бағытталған. Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрт ошақтарын жою мәселелерін қарастыруда" делінген хабарламада.
Айта кету керек, айналасы батпақты жер болғандықтан, өрт сөндіру автотехникасының жану ошақтарына баруына жол жоқ. Сондықтан, қазіргі уақытта қозғалыс маршруты анықталуда.