Бұл бағыт тек техникалық жаңғыру емес, сонымен бірге жемқорлық тәуекелдерін мейлінше төмендетуге, адами факторды азайтуға және қызмет көрсету сапасын көтеруге септігін тигізіп отыр. Қазіргі таңда теміржол инфрақұрылымында кез келген құжат айналымын – келісім-шарттар, коммерциялық операциялар, жүкті қабылдау-тапсыру актілері, алыс-беріс құжаттары – барынша электронды форматқа көшіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл тәсіл кез келген процестің ашық, бақылауға қолжетімді болуына мүмкіндік береді және лауазымды тұлғаларға тәуелділікті жоятын тиімді тетік саналады.
Бүгінде аймақтағы бөлімшеде тасымал құжаттарын ресімдеу барысында ашықтықты қамтамасыз ету үшін жүкті жөнелтушілер мен қабылдаушылардың құжаттамалары АСУ ДКР (Дорожная коммерческая работа) автоматтандырылған жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйе құжаттарды рәсімдеу уақытын қысқартып қана қоймай, әрбір операцияның нақты уақыт режимінде тіркелуін қамтамасыз етеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Атырау өңірінде 17 станция толықтай осы жүйеге қосылып, бірыңғай цифрлық ортада жұмыс істеп жатыр.
АСУ ДКР жүйесі енгізілгелі бері коммерциялық рәсімдер әлдеқайда тиімді орындала бастады: жүк жөнелту барысы, өлшеу нәтижелері, коммерциялық актілер, вагондар қозғалысы туралы ақпараттар автоматты түрде журналға түседі. Құжаттар электронды түрде тасымалданатындықтан, кез келген кезеңді бақылау жеңілдейді, ал қандай да бір өзгеріс немесе түзету енгізілсе, жүйе оны автоматты тіркеп, траекториясын сақтап қояды. Мұның бәрі теміржолдағы тәртіпті нығайтып, күмәнді әрекеттердің алдын алады.
Сонымен қатар, цифрландырудың аясында теміржол қызметкерлерін электронды форматта жұмыс істеуге бейімдеу, жаңа жүйелер бойынша оқыту курстары, ішкі бақылау процестерін автоматтандыру да жүйелі жүргізілуде. Бірте-бірте қағазбастылықты азайту – саланың жалпы стратегиясына айналып келеді. Қазіргі талап – барлық техникалық және коммерциялық процестердің толық цифрлық ізі болуы. Бұл болашақта үлкен деректерді талдау арқылы тасымал жүйесін оңтайландыруға, логистика тиімділігін арттыруға жол ашады.
Жалпы алғанатыда, Атырау облысының теміржол саласындағы цифрландыру қарқыны – өңір логистикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Электронды құжат айналымына көшу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп қана қоймай, бизнеске де үлкен жеңілдік береді. Компаниялар енді құжат рәсімдеуге уақыт жоғалтпайды, ал жүк қозғалысының барлық кезеңі ашық әрі нақты бақыланады. Бұл – теміржол саласын жаңа сапалық деңгейге шығаратын стратегиялық бағыт.
Амандық АБДОЛ