Білімділер бәйгесіне қатысу үшін атыраулық 800-ден астам 10 сынып оқушылары бағын сынады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен іріктеу кезеңіне облыстың 162 мектебінен 816 оқушы қатысып, бақ сынады. Енді олардың арасында тест сұрақтарына өте жақсы жауап берген 32 ұл-қыз іріктеліп алынады. Яғни, телевизиялық сайысқа қатысу үшін ұпай сандары жоғары оқушылар таңдап алынады да телесайысқа қатысуға жолдама алады.
Телевизиялық бәйгені ұйымдастырушы Амандық Есқалидің айтуынша, бұл – білім додасының бірінші іріктеу кезеңі.
«Жеті аудан мен қаланың барлық мектептерінен оқушылар қатысты. Алғаш рет бұл сайыс 2018 жылы жергілікті телеарнада көрсетілді. Әлі де жалғасын тауып келеді. Тек карантин кезінде тоқтап қалды. Содан 2023 жылдың басында 11 сынып оқушылары үшін ұйымдастырдық. Былтыр жыл соңында 9 сыныптар да қатысуға мүмкіндік алды. Ал биылдан бастап 10 сыныптар арасында ұйымдастыруды қолға алдық. Тележоба 2 наурыздан бастап әр сенбі сайын эфирге шығады. Барлығы 11 бағдарлама болады.Оның сегізі топтық жарыс болса, екі жартылай финал және бір финалдық ойын болады», - дейді Амандық Есқали.
Телеарнадағы 11 эфир көрсетіліп біткен соң сәуірдің 26-сы күні 11 сынып оқушылары білім додасында бақ сынайды.
Айта кетейік, ақтық мәреге жеткен балаларға демеушілердің қолдауымен ақшалай сыйлық беріледі.
Эльмира Мықтыбаева
Фото: Ерлан Алтыбаев